Жүз екінші Жетістікке жетер жол. Молдашева Жанбибі

2010 жылдың 31 мамырынан Маңғыстау ауданы Ақтөбе ауылдық округіне әкім болу бұйырды. Оған дейін мен әкімдікте бас маман болып жұмыс жасадым, бұл маған сала жұмысының қыр-сырына қанығып, ауылдың бары мен жоғын бағдарлап, жалпы жұмыс жүргізудің бағыттарын бағамдауға мүмкіндік берді. 2 мыңнан астам адамға мекен болған округтің бұдан былайғы тағдырына өзім жауапты екенімді сезіндім. Өйткені, мектебінде «Заманымыздың заңғар жазушысы» атанған Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты, жазушы-драматург, аудармашы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бір сөзбен айтқанда «Алаштың абызы» атанған, «Әлем әдебиетінің Әбіші» атанған Әбіш Кекілбайұлы оқушы кезінде білім алған ауылдың бүгінін базарлы, ертеңін ажарлы етіп, «жазушы оқыған ауыл» деген атауға лайықты ұстау міндеті тұрды.

Қай салада болмасын жұмыс жүргізу үшін істің көзін тауып, не жасалуы керектігін, яғни  қай тұстың кемшін түсіп жатқанын таба білу керек. Бұл жолда маған ауыл мектебінде, ауыл әкімдігінде қызмет жасап, ауылды бес саусағымдай тануым көп көмек берді. Әкімдік қызметке тағайындалған соң, ауылдағы, жалпы округтегі біткен істерді одан әрі жандандыра жалғастырып, бітпеген істерді тауып, оның себебіне үңіліп, шешімін табуға ұмтылдым.

Ауылда «Ақбұлақ»,  «Саламатты Қазақстан», «Жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Қолжетімді баспана», «Туған жерге тағзым» және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында біраз жұмыстар жасалып, халық игілігіне ұсынылды.  

Округ тұрғындары елдік мәселеде жұдырықтай жұмылып, бір отбасы мүшелері секілді өзара тіл табысып, қиындықты бірге көтеріп кете алады. Бұл сөзімнің дәлелі — 2013 жылы  телевизиялық «Жасыл аула» байқауында ауыл тұрғыны Ә.Нұрлыбаевтар ауласы  жеңімпаз болса, 2017 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» конкурсында ауылымыз жүлделі 1 орынды иеленді, сонымен бірге биыл «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық, облыстық сатысында Нұрсебеповтер отбасы 1 орынға лайық деп танылып, республикада облыс мерейін қорғады. Ауыл өміріндегі қарбалас жұмыстардан шағын көріністер жазылды. Ал, ауыл, қазақтың тұрмыс-тіршілігі,  салт-дәстүрі, киіз үй мен оның жабдықтары, қазақы ұлттық тағамдардың дайындалуы, отбасылық тәрбие – әке мен бала, ене мен келін рөлі сынды мағлұматтар алып, бейнесюжет түсіру үшін  республиклық телеарналардан, өзге де қызығушылық танытқан орындардан келіп, ауылымызды қызыға тамашалап жүргендер аз емес.

Мен үшін ең басты міндет – халық сенімін ақтау, істеген ісіңнің нәтижесін көріп, абыройына бөлену. 2013, 2017 жылдардағы сайлауда округ әкімі болып қайта сайлануым – менің қызметіме берілген баға деп білемін.

Маңғыстауда кеңес кезінде іс басында болып, партия қызметкері ретінде еліне еңбек еткен, депутат атанған ана-апаларымыз болған. Алайда, мені ел-жұртым «тәуелсіздік алғаннан кейінгі өңіріміздегі алғашқы әйел әкім» деп бағалап жатады. Ел-жұрта ризамын.

Өзім екі ұл, екі қыз баланың анасымын. Олардың барлығы да өз орындарын тауып, отбасын құрды. Шүкір, олардан немерелер сүйіп отырған әжемін. Мен – Маңғыстауға белгілі азамат, ел аузында «Аңшы Нұр» атанған үлкен әулеттің қарашаңырағын ұстап отырмын. Атамыздың көрігі, қақпаны сынды құралдары әлі сақтаулы, олар – Ұштағанға келген қонақтардың арнайы атбасын бұрып келіп көретін қастерлі орынға айналды.

Молдашева Жанбибі Тұрарбекқызы  — Ақтөбе ауылдық округінің әкімі, Маңғыстау ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *