Жүз үшінші Жетістікке жетер жол. Худайбергенова Элмира

Мен, Жаңаөзен қаласының тұрғынымын, қазіргі таңда «Айша Э.Р.» құрақ көрпе, қыз жасауы шеберханалық жеке кәсібнің негізін қалап, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ұлттық төл өнеріміз — құрақ көрпелер мен оюлы бұйымдарды қайта жаңғыртып, ел батасымен ұзатылған қазақ қыздарының бақыт мекенін әшекейлеуге септігімізді тигізіп, тек қана Жаңаөзен қаласы емес, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алып орындап ел ықыласына бөленіп жүрміз.

Ең алғаш тігін өнерін13 жасымда өзімнен үлкен апам ұзатыларда, үйімізге ауылдың көп қыз-келіндері жиналып, асарлатып көрпе тіккенін көріп қызығушылығым оянды. Жеңгелерімнің істеген ісін қайталай отырып құрақтың қарапайым түрлерін тіге бастадым. Бала болсам да, әкем мен анам, болар баланың қолынан қақпай, керісінше қолдау көрсетіп, барлық істеріме жақсы баға беріп шабыттандырып отырды. Осы орайда оларға айтар алғысым шексіз. Ең бірінші табысым да сол кезде қонақ көрпе сатудан басталған еді. Бірнеше жыл тек тігіншілікке хобби ретінде қарадым. Тұрмыс құрып отбасылы болғаннан кейін, бала тәрбиесімен үйде отырып үш бірдей қайынбикелерімнің жасауын жасадым. Тігілген жасауларым, құрақтарым көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс түсе бастады. Сол кезден бастап құрақ тігу, қыз жасауын дайындауды табыс көзіне айналдыруға болатынына көзім жетті. Бірнеше жыл бойы өз бетіммен кәсібімді еш жерде тіркемей үйде отырып айналыстым. Әлеуметтік желілер арқылы сатуды қолға алдым, тапсырыс берушілер де көбейіп бір ғана тігін қол машинам аздық етіп, тағы бірнешеуін алып, үйде жұмыссыз отырған жеңгелерімді көмекке тарттым.

2017 жылы әлеуметтік желіден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан құралған «Іскер әйелдер кеңесінің»  төрайымы Тілектес Аманқосқызы мерекелік шараға шақырып, ол жерде мені Атамекен кәсіпкерлер палатасы атынан құттықтап марапат берілді. Сол марапат мені одан әрі шабыттандырып жаңа белестерді бағындыруға үлкен септігін тигізді. Сол шарада Іскер әйелдер кеңесі мүшелерімен танысып, көптеген кеңес алып, кәсіпкерлікке алғаш қадам басып «Айша Э.Р.» Жауапкершігі шектеулі серіктестігін аштым. Соның аясында «Даму» қорының және «Атамекен» палатасының көптеген оқуларына қатысып білімді жетілдірдім, Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне берілген пайызы төмендетілген қаржы алып  құрақ кесу және көрпе сыру процестерін автоматтандырып, заңды жұмыс орнын ашып, жұмыссыздық арқылы 6 жұмысшы қабылдадым.

Осы жылы бизнесті оң жолына қойып, табысым берекелі болып, тек менің ғана отбасыма емес айналама да пайда әкелсін деген ниетпен әр жарты жылда әке-шешенің қарауынсыз қалған, тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан қыздың жасауын өз тарапымнан ұсынуды шештім. Ол жасауға бағасы 260 000 теңгені құрайтын 6 оюлы-құрақ қонақ көрпе, 1 шәй көрпе, бір күйеу көрпе, екі жастығы, 1 матрас, 1 жастар жамылғысы,             4 қонақ жамылғысы, қос жастығы кіреді. Бұл тегін жиынтық бүгінгі күнде екі бойжеткенге бұйырды. Болашақта осы бастамамды жалғастырып, тек қана көрпе жасауы емес, сонымен қатар бірнеше кәсіпкерлермен бірлесіп тұрмысқа қажетті бұйымдарды қосуды көздеп отырмыз. Сондай сауапты істерге мұрындық болып отырғанымды мақтан тұтамын, әрі барлық кәсіпкер әріптестерімді шақырамын.

Осылайша бір кездегі бала арман бүгін берекелі кәсіпке айналды. Армандарды мақсатқа дұрыс айналдыра отырып, сол мақсатқа жетуге тынбай еңбек етіп келемін.

Худайбергенова Элмира Реушенқызы  «Айша Э.Р.» жеке кәсіпкер, Жаңаөзен қаласы Маңғыстау облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *