ЖҮНІСОВА ФАРИДА, «Аулие-Ата Феникс» құс етін өндіретін фабрикасының директоры Байзақ ауданы

«Мен осы істі қолға алғаныма еш өкінбеймін, керісінше, қазақ қыздары менен үлгі алса деймін».

Ғұмырында өзгеге үлгі боларлық іс тындырған жандардың қай-қайсысын тыңдасаңыз да, өз жетістігінің сырын еңбектен іздеу керектігін айтар еді. Мұның құр сөз еместігіне мен бала күнімнен сенуші едім. Ал қазір өзім де осы кезге дейінгі жетістіктерімнің бастауында тек адал еңбек қана тұрғанын баса айтқым келеді. Иә, әр саланың өз ерекшілігі бар, әр мамандықтың өзіндік қыр-сыры болады, бірақ барлық салада да биіктен көрінудің, жетістікке жетудің бір ғана кілті болмақ, ол – тынымсыз еңбек. Мен жас маман ретінде еңбек жолымды ет өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың бірінде бастадым. Жамбыл есеп-статистика техникумын бітірген соң, аудандық тұтынушылар одағында ет-сүт өнімдері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еттім. Кейіннен заман талабы бойынша жеке кәсіпке бет бұрдым. Павлодар облысында «Мәлике-3» серіктестігін басқардым. 2010 жылы туған жерге оралдым. Сол жылы Байзақ ауданында «Әулие Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қаладым. Бұл кездері үлкен өндіріс ошағы болған, Кеңес одағының іргесі сөгілген соң, түрлі себептермен жұмысы тоқтап, есігіне қара құлып салынған кешеннің өн бойына қан жүгірту үшін, алдымен қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуға тура келді. Бұл жұмыстарға табаны күректей үш жыл уақытымды арнадым. Ал бүгінде «Әулие Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 230 адам еңбек етіп, өз нәпақасын осы кәсіпорыннан тауып жүр. Барлық еңбеккерлердің 55 пайызын нәзік жандылар құрайды. Мұнда жылына 5 мың тонна құс еті өндіріледі. Әрине, осындай ұжымның басшысы болып, жетістікке жету жолында менің де ешкімге ұқсамайтын сара соқпағым бар. Бұл соқпақта маған жақсылық пен жамандық қатар кезігіп отырды. Қиыншылықты – қуаныш, өкінішті жарқын үміт жеңген сәттер көп болды, ойлап отырсам, солардың бәрі де өмір мектебінің бір-бір тарауы болып, жадымда мықтап сақталыпты. Сондықтан мен іс бастаған, биік мақсатқа ұмтылған жандарға тек жарқын сәттерге ғана емес, қиындықтар мен кедергілерге де, ал ең бастысы, соларды жеңіп шығуға да дайын болудың керектігін айтумен келемін. Басшылық қызметте абыройлы болу үшін, білім мен білік аздық етеді, сонымен қатар іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттер ауадай қажет. Сол қабілеттерді ұштай түсу үшін, өмір бойы үйренуге, жақсы мен жаманнан, қателіктерден сабақ ала білуге тиіссің. Басшы болумен қатар, отбасында ана болсаң, ұл-қызыңның тәрбиесін де бір сәт естен шығармау керек, бұл, әрине, жауапкершілік жүгін еселей түседі. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені «Әулие Ата Феникс» ЖШС-нің жұмысын алғаш қолға алған тұста, мен осының бәрін сан мәрте ой елегінен өткізіп, қатты жүрексінген едім. Әсіресе, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен өткен үш жыл маған оңайға соқпады. Бұл жылдарда ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерім көбірек болды. Бірақ, енді соның барлығы артта қалды. Үш жылдан соң біздің өнімдерімізге тек жергілікті тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де сұраныс түсе бастады. Сонда мен адал еңбектің түбі бір өтеуі болатынын түсініп, көрген қиыншылықтың бәріне салауат айттым. Әр кәсіпкер табыс көзін табудың жолын әрқалай іздейді. Бүгінде мен осы істі таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, менен үлгі алуға ниетті қазақ қыздарының көбейгенін қалар едім. Өз тәжірибемді олармен бөлісуге әзірмін. Жан-жақтан сұраныс түскен сайын, тұтынушылар қойған талаптың үдесінен шығу үшін, фабрика еңбеккерлерінің қатарын көбейттік. Еңбеккерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін, барынша жақсы жағдай жасауға тырыстық. Олар үйлерінен фабрикаға дейін арнайы автобустармен қатынап жүр. Еңбекақы да еш кідіріссіз, уақытылы төленеді. Түскі ас мекеменің есебінен беріледі. Соған қарамастан құс фабрикасында еңбек етуге ниет білдірушілер қатары өте аз. Қазірдің өзінде біз 100 адамды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Әрине, еңбеккерлерден ең алдымен талап етеріміз – өз ісіне адалдық пен жауапкершілік. Мамандар нарықта құс етіне деген сұраныс алдағы уақытта тек өсе түсетінін болжап отыр. Бұл бізді жаңа ізденістерге жетелейді. Жалпы, менің көздегенім – құс еті нарығында Жамбыл облысының өзіндік брендін қалыптастыру. Осы жолда алда да талмай еңбектене бермекпін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *