ЖАҚАЙ ҒАЛИЯ, «Нұрбол» шаруа қожалығының жетекшісі, Талас ауданы

«Қазақ әйелі өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым».

Мен – қарапайым ғана ауыл әйелімін. Бір қасиетім – бала күнімнен асыл әжелеріміздің, қазақтың өр мінезді батыр қыздарының өмір жолдарына қатты қызығатынмын. Жыр-дастандардағы аруларды, ауыл-аймақтағы жұрт ерекше сыйлайтын аналарымызды, өз айналамдағы бар қылығы жарасымды, инабатты қыз-келіншектерді іштей мақтан тұтып, «қазақ қызы» деген қастерлі ұғымды санама сіңіріп өсіппін. Есейіп, бойжетіп, жан-жағыма сын көзбен қарай бастаған шағым Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Ел жаңарып, қазан ауысқан, оның үстіне әлемдік экономикалық дағдарысқа тап келген сол жылдар қаншалықты қиын болса да, маған өте ыстық сезіледі. Өйткені туған халқыңның асыл арманы орындалып, азаттыққа қол жеткізген тарихи сәтін өз көзіңмен көру – шексіз бақыт. Бұл бақыт біздің буынның үлесіне тиген екен. Мен 1968 жылы Талас ауданының Қызыл Әуіт ауылында дүниеге келдім. 1986 жылы орта мектепті күміс медальмен аяқтадым. 1988 жылы Жамбыл есеп-статистика техникумын, 1994 жылы Жамбыл педагогикалық институтын бітірдім. Мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаздық жолымды 1992 жылы Алғабас орта мектебінде бастадым. Қазір де өз мамандығымнан қол үзгенім жоқ. Бірақ шаруашылық тізгінін қоса ұстап, ұмтылсаң, аянбай еңбек ете білсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын өз тәжірибемде көріп келе жатқан жанмын. Жұбайымның аты-жөні – Нұрбол Төлегенов. Бостандық ауылдық округінде бас маман болып қызмет атқарады. Отбасында үш перзент тәрбиелеп-өсірдік. Үлкеніміз Назерке – ағылшын тілінің маманы, бүгінде облыс орталығында мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Ұлым Нұрманбет – заңгер, темір жол саласында қызмет етеді. Ал кіші ұлым Нұрмұхаммед – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 1-курс студенті, мемлекеттік грант арқылы оқып жүр. Әрине, бізді алға жетелейтін бір күш – осы балалардың болашағын жарқын етсек деген мақсат. Жолдасым Нұрбол екеуміз кәсіпке 1996 жылы бет бұрдық. Бұл – колхоз-совхоздар тарап, ауыл жұртының басым бөлігі жұмыссыз қалған кез еді. Ал жұмысың болған күнде де, айлық уақытылы берілмейтін, аз ғана жалақыны сарылып, айлар бойы күтуге тура келетін. Сондай жағдайда біз көп ойланып жатпадық, өзара ақылдасып, отбасылық шағын шаруашылық құрдық та, бақша өсіру ісін қолға алдық. Ісіміз жайлап алға жылжыған соң, 70 гектар жайылымдық жер алдық. Сөйтіп, «Нұрбол» шаруа қожалығын құрып, жұмысты жүйелі түрде жолға қойдық. Шаруа қожалығының тізгіні 2012 жылы менің қолыма өтті. Сол тұста тағы да суармалы және жайылымдық жерлер алып, мал шаруашылығымен айналысқан жөн деп таптым. Мал қашан да береке көзі екені белгілі. Біз мал бордақылау алаңын салдық, ол жерде мүйізді ірі қара малын бордақылап, өзіміз күткен нәтижелерге қол жеткізе бастадық. 2014 жылы «Әулие Ата» несие серіктестігі арқылы 3 миллион теңге көлемінде несие алдық. Бастапқыда біздің қолымызда 40 шақты қой, 4 сиыр ғана болған еді, ал несие алған соң тағы да мүйізді ірі қара малын сатып алдық. Бүгінгі таңда қозысымен 200 бас қой, 100 мүйізді ірі қара малын бағып отырмыз. Биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен аймақта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Біз де осыған өз үлесімізді қосып, әрі мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ісімізді жандандыра түсу үшін, сүт өнімдерін өндіруді қолға алмақ ниеттеміз. Осы мақсатта тиісті құжаттар жинақтап, өз өтінішімізді беріп те қойдық. Егер мақұлданып жатса, серіктес шаруа қожалықтарымен бірлесіп, халық игілігі жолында үлкен шаруалар атқаруды жоспарлап отырмыз. Әйел-ана туралы даналық сөздер көп. Солардың арасында көкейіме қонатын сөздердің бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген сөзі. Мұндағы теңеулер бала күннен санама сіңген «қазақ әйелі» деген ұғыммен ғажап үйлесім тауып тұр! Өзі әдемі әйел заты одан әрі әдемі бола түсуі үшін, оған тағы қандай қасиеттер тән болуы тиіс деп ойлайсыздар? Әйел қоғам өміріне көбірек керек пе, әлде отбасына көбірек керек пе? Әрине, көпшіліктің талқысына салып жіберсек, «Әйел отбасына көбірек керек» деген пікір басым түсер еді. Оның үстіне халқымызда: «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» – деген сөз бар. Бұған келісеміз. Ең алдымен отбасы тәрбиесін дұрыс жолға қоя білсе, кім-кімнің де былайғы тірлігі түзу жүрері сөзсіз. Ал әйел отанасы ретіндегі міндеті мен қоғамдағы міндетін қатар алып жүре алса, ол – әйелдің мықтылығы! Ондай әйелдер, бағымызға қарай, қазақ қоғамында әр кезде болған, бола да бермек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *