ИСАЕВА ӘТІРКҮЛ, «Меркі тынысы» газетінің редакторы, Меркі ауданы

«Қол жетпестей көрінсе де, арманымнан бас тартпадым».

Мен өзімді Әйел, Ана ретінде бақытты сезінемін. Көп балалы отбасында дүниеге келіп, әке мен ананың жақсы тәлім-тәрбиесін алып өстім. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, журналист мамандығын таңдадым. Ол кезде, яғни өткен ғасырдың 70-жылдарында шалғайдағы кішкентай ғана ауылдың қызы үшін бұл қол жетпейтін армандай көрінетін еді. Сонда да арманымнан бас тартпадым. Сол кездердегі республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде басылған мақалаларым мен сол басылымдардан келетін көк түсті конверттердегі хаттар маған дем беріп, кеудемдегі үміт отын үрлей түсетін. Ақыры сол арманыма да жеттім. 1981 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, қолыма дипломымды алдым. Жамбыл облысының Меркі аудандық «Коммунизм туы» газетіне (қазіргі «Меркі тынысы») арнайы жолдамамен келіп, әдеби қызметкер болып жұмысқа орналастым. Менің қызыққа толы, ұмтылыстар мен тынымсыз ізденістерден тұратын еңбек жолым осылай басталған еді. Одан кейінгі баспалдақтарым осы газетте: тілші, аудармашы, бөлім басшысы, редактордың орынбасары ретінде жалғаса берді. Бұл – менің кәсіби маман ретіндегі есею жолдарым еді… Соңғы жылдары кезінде өзім еңбек жолымды бастаған Меркі аудандық «Меркі тынысы» газетінде бас редактор болып қызмет атқарып келемін. Басшы ретінде аудан жаңалықтарына дер кезінде үн қосып, өмірдің сан-саласынан материалдар дайындап қана қоймай, газеттің сапалы әрі заман талабына сай түрлі-түсті дизайнмен шығуына баса назар аударамын. Басылымымыз арқылы мемлекеттік тапсырыстарды орындай отырып, Президент Жолдауларын, мемлекеттік бағдарламаларды, Үкімет тапсырмаларын, түрлі маңызды құжаттарды оқырмандарға түсіндіріп, сонымен қатар, осы бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды да көпшілікке жеткізіп отырмыз. Халықтың әл-ауқатының артуы, әлеуметтік ахуалы, туған жердің көркеюі, қарапайым еңбек адамдарының, оның ішінде Әйелдердің жетістіктері, жас ұрпақ тәрбиесі, қоғамның түрлі топтарына мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған істердің халыққа жетуі – бәрі де аудандық басылымның басты тақырыптары. Әйел-ана бақыты, ең алдымен, отбасында екенін жақсы білемін. Осынау жарық дүниеге бес перзент әкеліп, бүгінде 13 немеренің әжесі атанып отырмын. Менің осы бақытым бәрінен де басымырақ көрінеді. Өйткені есейіп, өмірден өз орындарын тапса да, әр балам – өзінше бір ғанибет, ал немерелерім өмірімнің тамаша байлығы іспетті. Журналист үнемі адамдардың арасында, қайнаған өмірдің бел ортасында жүріп, сол арқылы шыңдалады. Көпшілікті ойландырып-толғандыратын мәселелер, газетті өзінің рухани серігі санайтын қалың оқырманның көкейіндегі сауалдар бізді бей-жай қалдырған емес. Өмірдегі түрлі құбылыстардың себебіне бойлап, күн сайын көз алдыңнан өтетін адамдар тағдыры туралы толғана жүріп, өзіңнің ел алдындағы перзенттік парызыңды терең сезіне түсесің. Жалпы, мен қоғамнан өз орнымды таба алдым. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін, «Меркі-Шапағат» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы ретінде атқарар шаруа да, көпшілік назарына ұсынар мәселелер де жетерлік. Мысалы, «Меркі-Шапағат» жастар қоғамдық ұйымының қызметін жүргізе отырып, 2014 жылдан бері әлеуметтік тапсырыстар арқылы тынбай жұмыс істеп келемін. Бұл жаныма қуат беріп, әр күнге құштарлықпен ұмтылуға жетелейді. Өйткені жастармен жұмыс жүргізу, бағыт-бағдар беру, оларды қоғам өміріне тартып, пайдалы істерге талпындыру, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизм рухында тәрбиелеу – ұлағатты іс. Жастардың ортасы – ерекше ғажап әлем. Ал олармен жұмыс істеудің талай қиын да, қызық та тұстары бар болар, дегенмен бұл жұмыстар, ең алдымен, елдің ертеңіне, келешек күндер келбетіне өз үлесіңді қосып, артыңда жақсы із қалдыруға мүмкіндік беретіндігімен маңызды болса керек деп ойлаймын. Журналист ретінде мен елімізде, соның ішінде ауылдарда мақтауға да, даралауға да тұратын қыз-келіншектер жетерлік екенін жақсы білемін. Олар туралы бүкіл ел білуі тиіс! Сондықтан олар жайлы мақала, кітаптар жазылып, хабарлар түсіріліп, биік мінберлерден ақжарма сырлар айтылып, насихаттала түскенін қалар едім. Отанға және отбасына деген сүйіспеншіліктен асқан құдіретті күштің жоқ екенін қазақ қызы өзінің жасампаз еңбегімен бүгінгі бейбіт күнде де дәлелдеп келеді. Қорытындылай айтарым, ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі, халқымыздың жетістіктері – менің де жетістіктерім! Сондықтан да ел игілігі жолындағы істерім жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *