Қаракесекова Мейрамгүл, «Диас» шаруа қожалығының төрайымы, Сарысу ауданы

«Еңбектен қорықпа, еңбексіз келген игіліктен қорық».

Біздің бала күнімізде отбасында да, мектеп қабырғасында да үлкендер күн сайын, сағат сайын құлағымызға құйып, соның әсерінен санамызға әбден сіңіп, тіпті жан дүниемізбен біте қайнасып кеткен бір тамаша сөз бар: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Біз «абыройдың ең биігі – ешкімнен ештеңе тіленбей, өзіңнің адал еңбегіңмен өмір сүру» деген түсінікпен өстік. 1968 жылы Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебін бітірдім. Көп ұзамай, сол жылдың шілдесінде көрші Ақтоғай тұрмысқа шықтым. 1971 жылдан еңбекке араласа бастадым. Бастапқыда әртүрлі жұмыстар істеп, аздан соң мәдениет саласына ауыстым. Ауылдағы клубтың меңгерушілігі маған сеніп тапсырылды. Кеңес билігі Қазақстанда ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге күш салғаны белгілі. Бұл саясаттың, расы керек, ауылға пайдасы тиген тұстары көп болды. Ауыл өмірі қайнап, мәдениет саласының қызметкерлері қарапайым еңбек адамдарының рухани қажеттіліктерін өтеу жолында уақытпен санаспай жұмыс істеді. Мен де осы іске белсене кірісіп кеттім. Бұл еңбегім дер кезінде бағаланды. Ол заманда тиісті жұмысын жауапты, ұқыпты атқарып жүріп көзге түскен әр адамды міндетті түрде партия өз қатарына тартатын. Ал партия мүшесі болу үлкен абырой саналды. Мен де партия қатарына қабылданып, бастауыш партия ұйымы хатшысының көмекшісі болдым. Мұның жауапкершілігі зор болатын. Қай жерде адам, жұмысшы күшіне зәрулік болса, сол жерден ең алдымен сен табылуға тиіс едің. Сондықтан мен мал қырқу жұмыстары қызған тұста – қырықтықшы, құрылыс жұмыстары науқанында құрылысшы болып, тынымсыз жүгіріп жүріп, еңбек еттім. Қай жұмыста да ең үздік көрсеткіштерге қол жеткіздім. Мақтау грамоталары, алғыс хаттардан бөлек, екі рет қатарынан ауылдық кеңес депутаты болып сайландым. Жұмыстағы табыстарым мені жігерлендіріп, алға жетелей түсті. Сөйтіп, бір ауылда үздіксіз 27 жыл бойы еңбек етіп, зейнет демалысына шықтым. «Балалы үй – базар» – дейді. Жолдасым екеуміз 7 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларды да ең алдымен еңбекке жақын өсіруді мақсат тұттық. Өз істеріне жауапкершілікпен қарауға үйреттік. Бүгінде балаларымыздың бәрі де жоғары оқу орындарын бітіріп, қалаған мамандықтарының иесі атанды. Әрқайсысы өмірден өз жолдарын тапты. Қазір 22 немере сүйіп, бақытты әже болып отырмын. Алтын және күміс алқалар иегерімін. Ғұмыр бойы үйде де, түзде де шапқылап жұмыс істеген адам зейнеттік жасқа жеттім екен деп, қарап отырып қала алмайды екен. Оның үстіне, Кеңес кезіндегідей емес, қазіргі заман – басқа. Бұл заманның іс адамына ұсынар мүмкіндіктері өте көп. Ізденіс, іскерлік, іс көзін дөп басатын зеректік болса, кім-кімге де табыстың ауылы алыс емес. Тек өз бағыңды сынап көруге талпыну керек. Осындай ойлармен мен де кәсіпкерлікке ден қойып, мал шаруашылығымен айналысуға кірістім. Оның үстіне, бұл шаруаның қыр-сыры маған жақсы таныс. 2008 жылы «Диас» шаруа қожалығын аштым. Шаруашылықта 2000 гектар жайылымдық жер, 2000-ға жуық қой-ешкі, 40 бас жылқы, 50 бас мүйізді ірі қара бар. Екі отар қойдың бағымына балаларым қарасады, сонымен бірге, «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, тұрақты жалақы алып, екі малшы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отырмыз. Бағдарламалар арқылы бірнеше рет жеңілдетілген несие, яғни қаржылай көмек алып, соның арқасында мал тұқымын асылдандырумен де шұғылдана бастадық. Соңғы үш жылда экспортқа, дәлірек айтқанда, Иран мемлекетіне әр жылы 12-13 тоннадан ет жөнелттік. Мен бір ғана осы шаруашылықтың және өз әулетімнің тыныс-тірлігімен шектеліп қалып отырғаным жоқ. Жан-жағыма сергек көңіл көзімен қарауға, қоғамның, өз ортамның жетістіктеріне қуанып, қиындықтарын да назардан тыс қалдырмауға әдеттенгенмін. Өзгеге қол ұшын беріп, қиналған адамды демеп жіберу – қасиетті іс. Сондықтан мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы, аудандық іскер әйелдер қоғамдастығының мүшесі ретінде аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, түрлі қайырымдылық акцияларына атсалысып келемін. Келер жылы қазақ елі 150 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ұлы Абай: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын», – дейді. Расында, тамағы тоқ, көйлегі көк болуы – тек өз маңдай тері, адал еңбегінің арқасында ғана келер жетістік екенін түсінбесе, ондай адамға мәңгүрттікке ұшырау қаупі төнеді. Сондықтан еңбектен емес, еңбексіз келген игіліктен қорқу керек. Барша замандастарыма: «Еңбектен қашпай, еріншектіктен қашсаң, оның нәтижесі сені абыройға бөлейтіні анық», – дегім келед

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *