ӘБЕЛДИНОВА Сәуле — көпбалалы ана, жеке кәсіпкер(тігін цех), Майқайың кенті, Баянауыл ауданы

«Өмір өзінің таңғажайып мүмкіндігін маған ұсынды, мен бас тартпадым, өкінбеймін!».

Мен, бес баланың анасымын. 2013 жылға дейін іс тігу өнерін өзім үшін әуесқойлық ретінде пайдаланып келдім. Және ол кездерде іс ашамын, жұмыс орны болады, трикотажбен жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе еді. 2013 жылдан бастап, ЖК ашып, тігіншілікпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Тігін өнерінде сирек кездесетін «Трикотажбен спорттық киім тігу» деген жаңа бағытты бастадым. Алғашында үнемдеу мақсатында бастаған ісім, кейіннен сұранысқа ие бола бастады. Әсіресе бала бақша, мектеп жасындағы балалардың спорттық киімдерінің үлгісіне сұраныс көп болғаннан соң, «Трикотажбен спорттық киім үлгісін» тапсырысқа тіктім. Халық арасында трикотаж бұйымдарына деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Себебі трикотаж бұйымдары денеге жайлы, денсаулыққа пайдалы, сонымен қоса түсі оңбайды, бірден тозбайды. Қазіргі жас отбасылар көбінесе трикотаж бұйымдарды пайдаланады және сыйлық ретінде де трикотаждан жасалған бұйымдарды сатып алуға тырысады. Негізі бизнес жобаны қорғау барысында трикотаж біздің эрамызға дейін пайда болғанын, ондай бұйымдар ертеде қымбат тұрғанын оқыған едім. 2017 жылы Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің әкімшілігінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасы жүзеге асырылып жатқанын естідім. «Бизнес бастау» жобасына тіркеліп, 1,5 айлық оқуға бардым. Жоба соңында бизнес-жоспар жаздым. Бизнес-жобаны «Ұлттық нақыштағы спорттық киімдер» деген тақырыпта қорғадым. Баянауыл ауданы бойынша «Ұлттық нақыштағы спорттық киімдер» тақырыбында ешкім бизнес-жоба осыған дейін болмаған еді. Сол себепті, әуелі грантқа үміткер болып тіркелдім, 2018 жылы үмітім ақталып, грантты ұтып алдым.

Грант иегері атанғаннан кейін берілген қаржыға ою-өрнек тігетін арнайы бағдарламасы бар машина, сонымен қатар кәдімгі трикотаж бұйымдарын тігетін бірнеше машина сатып алдым. Кәдімгі машиналарға қарағанда ою өрнек сызатын машиналардың бағасы тым қымбат болатынына көзім жетті. Дегенмен бұл машиналардың бағдарламасында өзіңіз қалаған ою өрнекті енгізіп, сол бойынша жұмыс істеуге толықтай мүмкіндіктер бар. Қазіргі уақытта табысты жұмыс істеудемін. Жеке тапсырыстармен қатар арнайы мектептерден, орта мектептерден көлемді тапсырыстар қабылдаймын. Сонымен қатар, атаулы костюмдер, жейделер тігемін. Бұл киім түрлері халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мен алдағы уақыттарда трикотажбен жұмыс істеудің жаңа формаларын игерсем деймін. Ол үшін тағы да көптеген әдебиеттерді ақтаруға тура келеді. Мән мағынасы терең, үйретері мол семинар тренингке қатысу керекпін. Менің ойымша тек ғалымдарға ғана емес іс бастап кәсіп ашқан адамға да ізденіс керек, оқу міндетті. Өмір бір орнында тұрмайды, бір кездердегі маңызды деген құндылықтар қазір құнын жоғалтқан, ал оның орнына жаңа білім, жаңа жобалар өмірге еніп жатыр. Күн сайын бір тың ақпарат естісек, оның ертеңіне ол ақпаратымыз ескіріп қалады. Тігіншілік ісінде де солай, әлемдік брендтен адамдар қалғысы келмейді. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген дүниелердің өзі креативті болғанын көргіміз келеді. Сұраныс берушілердің тілегін тыңдап отырып олардың талғампаздығына таң қалатын кездер аз емес. Тігіншілікпен кәсіби түрде айналысып, тігін өнерін жоғары деңгейде меңгеруіме мүмкіндік берген Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасы әлі талай адамның өз сүйікті ісімен айналысуына жол ашады деп ойламын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *