ЕРҒОЖИЕВА Гүлнар, Доссор кенті әкімінің орынбасары, Мақат ауданы

«Мемлекеттік қызметшіге үлкен талап қойылған, соның ішінде ең маңыздысы — халыққа жақын болуы, ашық болу»

Мен Мақат ауданының тұрғынымын, осы ауданда туып-өстім, мектеп бітірдім. Мектепті аяқтағаннан кейін Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық–техникалық университетін «Ауыл шаруашылық өнімдерін стандарттау және сертификаттау» мамандығы бойынша бітіріп, эксперт-аудит мамандығын игеріп шықтым. Содан кейін еңбек жолымды Мақат ауданы әкімдігінің хатшы-машинист қызметінен бастап, әр жылдары жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, Қошқар поселкесі әкімі аппаратында, аудандық қаржы бөлімінде, аудандық статистика басқармасында бас маман қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда Доссор кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 14 жыл. Әрине мемлекеттік қызметті атқару оңай емес, мемлекеттік қызметтің өз жүгі ауыр, алар асуы бар. Өйткені мемлекеттік қызметшілерге бүгінгі күнде үлкен талап қойылып жатыр, соның ішінде ең маңыздысы халыққа жақын болуы, ашық болуы. Ауылдық жерде халық пен биліктің арасында байланысты орнату үшін әлеуметтік желі арқылы ауыл тұрғындарын әртүрлі жаңалықтар, хабарландырулар және атқарылып жатқан жұмыс барыстары туралы хабардар етеміз. Бұл әлеуметтік желі ауылымызда не болып жатқанын біліп отыруға қолайлы. Туындаған мәселелер болса уақытында анықтап, шешімін табуға көмектесемін. Осы қызмет еткен уақыт ішінде ең алдымен халықтың алдындағы қызметімді адал атқаруды мерейлі міндетім деп бірінші орынға қойдым. Өйткені, мемлекеттік қызметкер үшін халықтан биік еш нәрсе жоқ деп білемін. Менің мақсатым-атқаруға тиісті жұмысымды жүйелі жасап, халқымның алғысына бөленіп, кентімнің өркендеуіне үлес қосу. Доссорда 2010 жылы — 11 мың халық құрайтын тұрғындар саны қазіргі күні 14000–ға жетті. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды, кентіміз көркейіп, жолдарымыз тегістеліп, көшелеріміз жарықтандырылып, толықтай таза ауыз сумен қамтылды. Көптеген жобалар жүзеге асырылды, 2 мектеп, 1 жатақхана, 2 аурухана, 2 балабақша, 60 пәтерлі үй жаңадан бой көтерді. Әр ықшам ауданға футбол, балалар ойнайтын алаңшалар салынды. Көптеген кәсіпкерлік нысандар ашылып, спорттық және мәдени шаралар өткізілді. Бүгінде қоғам мен мемлекет көркі саналатын қазақ әйелдері елімізде болып жатқан барлық қоғамдық –саяси өзгерістерге, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді оны баршаңызда білесіздер. Олар бар күш-жігерлерін аямай ер азаматтармен бірге болашаққа қадам басқан Қазақстан үшін аянбай еңбек етуде. Мен де сол салада қызмет атқарып жүрген қарапайым жандардың бірімін. Отбасымызда 1 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыздың бәрі де білімді, өнерлі. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Оларды біз әрдайым мақтан тұтамыз. Әкем Бағытжан Шойынбайұлы мен анам Жамал Аманқызы көп жылдар бойы теміржол саласында қызмет атқарды, қәзіргі таңда зейнеткерлікте. Ал қайын атам — Мағзам Иманғалиев күй қағаны Р.Ғабдиев атындағы Доссор балалар өнер мектебінің директоры. Көп жылдар мәдениет саласында еңбек етіп келе жатырған тәжірибесі мол іскер басшы. Шәкірттері облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары. Енем — Шолпан Мұханбетиярова — аяулы ана, ардақты әже, ұлағатты ұстаз, ақылшы ене. Өнегелі ұл – қыз тәрбиелеген отбасының тірегі. Өз қолынан келетін ақыл – кеңестерін, істерін өзгеден аямайтын үнемі болсын деп жүретін жүрегіне иман ұялаған жан. Қай жағынан алғанда да жанұя мәртебесін жоғары дәрежеде ұстап отырған бақытты ана. «Қазақстан КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері. Отбасымыз өнегелі құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанды. Өзім облыс, аудан әкімдерінің және мекеме басшыларының бірнеше алғыс хаттарымен марапатталдым. Осындай жақсы жетістіктерге жеткеніме шүкіршілік етемін, өмір сыйлаған әкем мен анама, қолдау көрсетіп отырған халқыма, жолдасыма, балаларымды қамқорлықпен тәрбиелеп жүрген ата-енеме алғысымды білдіремін. Жас болсамда түйгенім, ең бастысы тума-туыс, ағайынмен ауызбірлікте болғаннан артық ештеңе жоқ. Қуансаң да, мұңайсаң да жаныңнан табылатын сол жақын адамдар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *