ЖҰБАНИЯЗОВА Балауса, жеке кәсіпкер, Индер ауданы

«Мен үшін кәсіпкерлік – пайда табу ғана емес, ол-еркіндік, ешкімге тәуелді болмау, өз күшіңді байқау»

Мен Жұманиязова Балауса Асылбекқызы Индер ауданы, Елтай ауылдық округіне қарасты Аққала ауылының тұрғынымын. Туған жерім Құрманғазы ауданы. Сол жерде өсіп-өніп, білім алып, Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіріп, мамандығым бойынша темір жол бекетінде, Кедентранссервис және «КТС Терминал Service» ЖШС мекемелерінде бригадир, менеджер болып жұмыс істедім. Кейін Индер ауданына күйеуге шығып, әйел адамның бақыты- отбасы деп, ұрпақ өсіріп, 4 баланың анасы атанып, келін болып ата-енеме құрмет көрсетіп, ауылдың бір ибалы келіні болып шыға келдім. Адам болған соң, жанұя құрған соң қол қусырып отырғым келмеді. Алдымен ауданның жұмыспен қамту бөлімі ұсынған жұмыстарды жасап жүрдім, бірақ ол да маусымдық жұмыстар болған соң, жодасыммен кеңесе отырып, бір кәсіппен айналысқанды жөн көрдім. Әрине, менің мамандығыма сәйкес келетін кішкентай Аққалада жұмыс жоқ, сондықтан ауылға басты проблема боп тұған ауыл адамдарын аудан орталығына сабылтпай, ауылдан пошта торабын ашқым келіп, жұмысқа кірісіп кеттім. Бұл қадамға мемлекет басшысының ұстанып отырған позициясы маған мотивация беріп, осы жылы кәсіпкерлік мақсатпен Аққала ауылында франчайзинг бағытымен «Қазпочта» торабын аштым. Қызмет орнын жалға алып оны халыққа жайлы орта қалыптастыру үшін жөндедім, интернет желісіне қосып, ғимарат ішін жабдықтадым. Қазіргі уақытта менің қызметімде банкілік операциялар, тапсырыстар т.б «Қазпошта» жасап отырған барлық қызметтерді жалғыз өзім атқарып отырмын. Басты мақсат- ауыл адамдарына көмектесу. Аққала ауылы Индер ауданы орталығынан 20 км жерде. Бір төлем жасау үшін халық таксимен сабылып жүреді. Қазір ауыл халқына жеңіл болды. Олар келген сайын алғыстарын жаудырады. Әрине, әр нәрсенің өз қиындығы болады. Бұл бизнестің айналасында да проблема жетіп артылады. Халыққа көмек қолын созамын деп, келетін кіріс-табыс та өз ойлағанымнан шықпай жатыр, тіпті ақтамайтын тұстары да көп. Бірақ, не нәрсенің де шешімі табылады деп намысқа тырысып жұмыс істеудемін. Әрі жұмыссыз жүрген бірекі әйелді жұмысқа алып, оларға да еңбекақы төлеймін. Бұл жерде маған ең алдымен аяғымнан нық тұрып кетуім үшін жолдасым Бауыржан қаржылық көмек берсе, ал енем моральдық жағынан қолдау көрсетуде. Мен үшін ең басты қолдау-осы деп білемін. Табысты болу үшін ең алдымен сол кәсіпке деген қызығушылық болуы қажет. Оның даму жолдарын іздеп, бар күш-жігеріңді соның өркендеуіне жұмсайсың. «Бір істі қолға алған кісі құдық қазушының кебін киеді. Егер ол құдықты қазу жолында су көзіне жетпей тоқтаса, онда еңбегіңнің зая кеткені»- дейді данышпан Конфуций. Аз ғана уақыт кәсіп ашсам да содан өмірлік тәжірибе жинақтап жатырмын. Аз ғана тәжірибе үлкен теориядан пайдалырақ екенін түсіндім. Мен кәсіпкерлікті – пайда табу ғана емес, ол-еркіндік, ешкімге тәуелді болмау, өз күшіңді байқау, әрі абырой әрі мәртебе екеніне көзім жетті. Ауылдың әр адамынан естіген рахмет пен алғыс адамға өзгеше күш береді екен. Мұхаммед пайғамбарымыз да «Сауданы жасағанда тек пайда табуды көздеме, халықтың мұқтажын өтеу үшін жаса, сонда жаның рахат табады» дейді. Шын бақыт- адам өз күшін басқаның жолына жұмсағанда болса керек. Ол бақытқа ақ ниет пен ізгі пейіл ғана апарады. Табысты әйел болу оңай емес, себебі, отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүру өте қиын. Дегенмен шыдамды, мақсаты айқын адам әркезде де өз биігін бағындырады. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ- дейді Президентіміз. Биылғы Жолдауда көрсетілген басым бағыттардың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Ол елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді тапсырып отыр. Бұл кәсіпкерлік салада жүрген әйелдерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Нәсібін кәсіптен тапқан әйелдер қоғамның қозғаушы күшіне айналуы керек. Бизнес саласында жүрген барша әйелді осы салада аянбай еңбек етуге шақырамын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *