ЗАЙНОВА Қамажай, «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері, Исатай ауданы

«Мамандығыңа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек еткен жағдайда ісің алға басады»

Қазіргі қоғамда әйел, ана – отбасы ұйтқысы ғана емес, мемлекеттік істерге араласатын саяси қызметкер, қай сала болмасын қозғаушы күшке айнала білер қоғамның белсенді мүшесі десек артық айтқандық болмас.

Өткенімізге көз салсақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары нарықтық қатынастар жағдайына бейімделу, әлеуметтік тұрмысты жақсарту, жұмыстарында әйелдер қауымының үлесі зор болғанын білесіздер. Іскер әйелдер қатары көбейіп, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер құрылып, қоғамдағы әйелдер белсенділігі артты. Осындай елдегі өзгерістер мен даму кезеңінде орта мектепті аяқтап, бала кездегі таңдауым — өнер жолы Батыс Қазақстан облысының Дәулеткерей атындағы өнер институтына алып келді. Оқуымды аяқтап, алғашқы еңбек жолымды бастаған Тұщықұдықтағы «Құлыншақ» балабақшасында жас тәрбиеленушілер арасында би тобын құрдым. Әрине, тәжірибесіз келген жас маманға алғашқыда қиын болғаны рас. Бірақ, білікті ұстаздардан алған білімім мен ұжымдағы тәлімгер ұстаздардың арқасында балалармен тез тіл табыса отырып, алғашқы нәтижелерге қол жеткіздім. 2000 жылы құрылған «Аққайың» би амсамблі аз уақыттың ішінде өңірге таныла бастады. Облыстық, республикалық конкурс-байқауларға шақыртуларды қабылдап, қатынаса бастадық. 2013 жылы тобымыз «Үлгілі» атағын жеңіп алды. Бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хатын, облыстық Білім басқармасының Алғыс хатын, Құрмет грамоталарын алып, мерейіміз тасыды. Ал, Қазақстан Республикасының Президентінің «Құрмет грамотасы»мен Білім және Ғылым Министрлігінің «Құрмет Грамотасының» табыс етілуі еселі еңбегім мен табанды ізденісімнің жемісі деп бағалаймын. Жалпы, мамандығыңа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек еткен жағдайда ісің алға басатынына көзім жетті. 2006 жылы мәдениет қызметкерлері арасында «Жыл үздігі» болып танылуым да маған ерекше шабыт берді. 2017- 2018 жылдары 3 халықаралық, республикалық конкурстардан бас жүлде, І орын иелену ауылдан келген шағын ұжым үшін — мақтаныш. Менің ұстанымым бір жерде тоқтап қалмау болды. Бүгінде, ұжымымыз кеңейді, бишілерім жас ерекшелігіне қарай 3 топта тәрбиеленіп келеді. 2018 жылы «Қамажай» би тобын құрып, олар да үнемі биіктерден көрінуде. Бұл ұжымдар аймақтық, республикалық, халықаралық додаларда ауданның ғана емес, облыс абыройын да асқақтатып келеді. Ұстаз еңбегінің жемісі осы деп білемін. Негізгі жұмысыммен қатар, қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емеспін. Өзім жетекшілік ететін «Сауле» қоғамдық бірлестігінің жұмысында тың жобаларды іске асырудамыз. Жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізу, қоғамдық жұмыстарға тарту, салауатты өмір салтын ұстану, зейнеттік жастағы жандарымыздың өнегелі өмір жолдарын үлгі ету, қарияларымыздың батасын алу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету – басты бағытымыз. Жанұяда жолдасым да өнер адамы, 4 балам, бір жиенім бар. Жолдасым Атыраудағы Х.Досмұхамбетов атындағы университеттің музыка факультетін бітірген. Бала кезінен өнерге жақын өскен, екеуіміз осы саланы да дамытуда бірге еңбек етіп келеміз. Балаларымыз да өнермен сусындаған, өз қолтаңбаларын қалдыруда. Жанұялық ансамблімізбен де халықтың құрметіне бөленіп келеміз. 2 қыркүйекте Мемлекет Басшысы Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәдениет саласына айрықша тоқталып өтті. Исатай ауданында мәдениет саласына үнемі көңіл бөлінуде. 2019 жылы салаға бөлінген қаражат 2018 жылмен салыстырғанда62 пайызға ұлғайғанын көріп отырмыз. Бұл қаражаттарға мәдениет үйлеріне LED экрандар, сахналық жабдықтар, аппаратуралар мен киімдер, тағы басқа қажетті құрал жабдықтармен қамтылуда. Сондай-ақ, аудан орталығынан шалғай орналасқан Исатай, Зинеден, Нарын ауылдарына 200 орындық мәдениет үйлері құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мұндай қолдаулар біздерді тұрғындарға беретін қызмет сапасын жоғары деңгейде көрсетуге міндеттейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *