ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА Элмира, «Айша Э.Р.» ЖШС басшысы, Жаңаөзен қаласы

«Мақсатқа жету жолында тынбай еңбек етіп келемін»

Мен, Жаңаөзен қаласының тұрғынымын, қазіргі таңда «Айша Э.Р.» құрақ көрпе, қыз жасауы шеберханалық жеке кәсібнің негізін қалап, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ұлттық төл өнеріміз — құрақ көрпелер мен оюлы бұйымдарды қайта жаңғыртып, ел батасымен ұзатылған қазақ қыздарының бақыт мекенін әшекейлеуге септігімізді тигізіп отырмыз. Біз осындай шарапатты қызметіміз арқылы тек қана Жаңаөзен қаласы емес, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алып, оны көңілдегідей орындап ел ықыласына бөленіп жүрміз. Ең алғаш тігін өнерімен 13 жасымда өзімнен үлкен апам ұзатыларда таныстым. Үйімізге ауылдың қыз-келіндері жиналып, асарлатып көрпе тіккенін көріп қызығушылығым оянды. Жеңгелерімнің істеген ісін қайталай отырып құрақтың қарапайым түрлерін тіге бастадым. Бала болсам да, әкем мен анам, қолымнан қақпай, керісінше қолдау көрсетіп, барлық істеріме жақсы баға беріп шабыттандырып отырды. Осы орайда оларға айтар алғысым шексіз. Ең бірінші табысым да сол кезде қонақ көрпе тігіп, сатудан басталған еді.

Бірнеше жыл тек тігіншілікке әуесқойлық деңгейінде ғана қарадым. Тұрмыс құрып отбасылы болғаннан кейін, бала тәрбиесімен үйде отырып үш бірдей қайынбикелерімнің жасауын жасадым. Тігілген жасауларым, құрақтарым көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс түсе бастады. Сол кезден бастап құрақ құрау, қыз жасауын дайындауды табыс көзіне айналдыруға болатынына көзім жетті. Бірнеше жыл бойы өз бетіммен кәсібімді еш жерде тіркемей үйде отырып айналыстым. Әлеуметтік желілер арқылы сатуды қолға алдым, тапсырыс берушілер де көбейіп бір ғана тігін қол машинам аздық етіп, тағы бірнешеуін алып, үйде жұмыссыз отырған жеңгелерімді көмекке тарттым. 2017 жылы әлеуметтік желіден «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құралған «Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы Тілектес Аманқосқызы мерекелік шараға шақырып, ол жерде мені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан құттықтап, алғыс хат берілді. Сол марапат мені одан әрі шабыттандырып жаңа белестерді бағындыруға үлкен септігін тигізді. Сол шарада Іскер әйелдер кеңесі мүшелерімен танысып, көптеген кеңес алып, кәсіпкерлікке алғаш қадам басып «Айша Э.Р.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Соның аясында «Даму» қорының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының көптеген оқуларына қатысып білімімді жетілдірдім, Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне берілген пайызы төмендетілген несие алып құрақ кесу және көрпе сыру процестерін автоматтандырып, заңды жұмыс орнын ашып, еңбек биржасы арқылы 6 жұмысшы қабылдадым. Осы жылы бизнесті оң жолына қойып, табысым берекелі болып, тек менің ғана отбасыма емес айналама да пайда әкелсін, деген ниетпен әр жарты жылда әке-шешенің қарауынсыз қалған, тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан қыздың жасауын өз тарапымнан ұсынуды шештім. Ол жасауға бағасы 260 000 теңгені құрайтын 6 оюлы-құрақ қонақ көрпе, 1 шәй көрпе, бір күйеу көрпе, екі жастық, 1 матрас, 1 жастар жамылғысы, 4 қонақ жамылғысы, қос жастығы кіреді. Бұл тегін жиынтық бүгінгі күнде екі бойжеткенге бұйырды. Болашақта осы бастамамды жалғастырып, тек қана көрпе жасауы емес, сонымен қатар бірнеше кәсіпкерлермен бірлесіп тұрмысқа қажетті бұйымдарды қосуды көздеп отырмыз. Сондай сауапты істерге мұрындық болып отырғанымды мақтан тұтамын, әрі барлық кәсіпкер әріптестерімді қайырымдылыққа шақырамын. Осылайша бір кездегі бала арманым бүгін берекелі кәсіпке айналды. Кез келген адам асқақ арман жолында нақты мақсат қойып, одан бас тартпаса, дегеніне жетеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *