Ауыл әйелдерінің форумы: Табысты кәсіпкер әйелдер тәжірибелерімен бөлісті

19.08.2020 жылы Бүгін «Ақмола облысы ауыл әйелдерінің форумы – 2020» онлайн форматта өтіп жатыр. Форум «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, сондай-ақ «Coca-Cola» Халықаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Форумда ауыл әйелдерінің бизнестегі жетістіктері сөз болды. Шара басында қоғам қайраткері, «EXPO & Women» халықаралық ұйымының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «Жасыл экономика» қозғалысының белсендісі Рақымбекова Салтанатты еске алды. Форумда көтерілген мәселелер, табысты ауыл әйелдерінің бизнестегі жолы туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Бұл форум – республика бойынша жоспарланған 14 форумның алғашқысы. Өңірлік форумдардың қорытындысы қараша айында Ауылдық әйелдердің ІІІ республикалық форумы аясында өтеді. Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Айсина Майра Арапқызы модераторлық етті.

Майра Айсина қазір ауыл тұрғындары қалаға емес, қаладағылар ауылға ұмтылу керектігін айтты.

«Жасыл экономиканы» дамытып, ауылда өмір сүруге бар мүмкіндік жасалса, шаруашылыққа икемді жастар қалаға кетпей, ауылда өз кәсібін дөңгелетер еді, — деді депутат.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Рамазанова Ләззат, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мусралимова Айна, «Coca-Cola» компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Александра Аккирман, ФАО-ның ҚР-дағы байланыс және серіктестік бюросының басшысы Нәжмиденов Қайрат Балтабайұлы ауыл әйелдерін қолдау мен олардың қазір жасап жатқан еңбегі жайлы айтты.

Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ахметжанова Дина Камидуллақызы Ауыл тұрғындарын қолдау бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндады.

Осы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9000-нан аса жұмыссызды қамту мақсатында 8 млрд теңге қарастырылды. Қазірге дейін 6,5 мың азамат қамтылды, олардың 84 %-ы әйелдер. Бұл әйелдердің 78,5%-ы ауылдық жерлерден. Жұмысқа тартылмас бұрын ауыл әйелдері қысқамерзімді оқудан өтеді. 660 азамат, оның ішінде 358-і әйел боп табылған оқу үрдісін сәтті аяқтады. Мәселен, 54 жасар Құмархан Алтыншаш жұмыссыз еді. «Тігу өндірісі мен киім пішу» мамандығы бойынша білім алып, «тігінші» квалификациясын алды. Оқ аяқталған соң «Айлана» атты тігін шеберханасын ашуға грант берілді.

«Бастау» атты кәсіпкерлік негіздеріне бағыт беретін «Бастау» жобасы арқылы 1019 адам кәсіп бастауға жолдама алды. Олардың ішінде 550-і әйел, ал 408-і ауылдан. 200 АЕК мөлшерінде грантты 428 азамат ұтып алды. Олардың ішінде 254-і әйелдер, ал ауыл әйелдері – 189. Енді олар өздерінің бизнес иделарын жүзеге асырады.

Мемлекеттік бағдарламаар аясында 381 адамға микрокредиттер берілді. Олардың ішінде 126 әйел өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Мәселен, Есіл ауданынан өтінім берген Есімшәріпова Анна Александровна «Бастау – бизнес» аясында өткен оқудан кейін мал шаруашылығы кәсібін дамытуға 3 млн теңге көлемінде кредит алды.

Үшінші бағыт жұмыспен қамтудың белсенді формалары бойынша 4019 азамат қатысты. Олардың ішінде 2285 әйел адамдар, ал ауылдан қатысқан әйелдердің саны 1812. Әлеуметтік жұмыс орындарына 464 азамат жіберілді, олардың ішінд 168-і ауыл әйелдері. Жастар практикасына 671 азамат жіберілді, олардың ігінде 232-сі ауыл қыз-келіншектері.

Мысалы, Накова Лада Викторовна Жақсы ауданы Запорожье ауылының тұрғыны. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған соң біраз уақыт жұмыссыз ауылда жүрген. Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жастар практикасына Запорожье ауылдық округінің әкімдігіне жолдама алады. Практика аяқталған соң Жақсы аудандық әкімдігіне жұмысқа орналасады. Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа 2884 азамат жолдама алды, олардың ішінде 1412-сі ауыл әйелдері. Мұндай көрсеткіш ауыл адамдарына ауылда отырып-ақ өз кәсібін ашуға, жұмысқа кедергісіз орналасуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын анық көрсетеді.

Форум барысында ауылда отырып үлкен жетістікпен көзге түскен әйелдер сөз алды. Соның бірі Омарбекова Серікгүл. Ол – Ақмола облысы, Астрахан ауданы Жалтыр №2 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Ол мамыр айынан бастап іске қосылған Ақмола облысы бойынша «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасына ерікті ретінде өтінім жіберген. Жоба тақырыбы: «ҰБТ-ға дайындық. Профессор Т.Т.Галиевтың жүйелі ойлау тәсілі негізінде» болған. Осы тақырыпқа сай Ақмола облысы бойынша Zoom платформасында 5 онлайн-сессия өткізілді.

Осы онлайн-сессияларға қатысу арқылы, мен өзіме көптеген жаңа тәсілдер мен жаңа тұлғаларды аштым. Қандай жағдай болсада, «Білім» саласының ешқашан тоқтап қалмайтындығы осы өткізілген жоба деп айтар едім. Себебі, мен бұл жобадан, профессор Т.Т.Галиевтың «Жүйелі ойлау» тәсілін тек ҰБТ-ға дайындық кезеңінде ғана емес, сондай-ақ, олимпиадаларға дайындық, күнделікті сабақта қолданысқа енгізу өте тиімді екендігін ұғындым, — деді жас маман.

«Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасының жалғасы ретінде, «IQ онлайн-лагері» құрылды. Ақмола облысы бойынша «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында «IQ онлайн-лагері» 2020 жылдың 07 шілдесі мен 15 тамыз аралығында екі ауысымда жұмыс жасады.

Омарбекованың айтуынша, «Онлайн IQ лагері» бұл достарды табудың жаңа форматы.

Сізді өте қызықты тұлғалар — мұғалімдер мен ғалымдар, мектепті жаңа бітірген табысты жастар немесе әртүрлі интеллектуалды жарыстарда жетістікке жеткен студенттер – өз жетістіктерімен бөлісіп қана қоймай, сіздерді өздерімен бірге алға жетелейді, — деп бөлісті ол.

Мұғалім осындай жаңа мүмкіндіктерге жола ашатын бағдарламалар жаңа серпін екенін жеткізді.

Қожанова Раушан – Целиноград ауданының «Ақбар» ауылшаруашылық кооперативінің директоры. Өзінің бизнес жолын қызықты етіп баяндаған кәсіпкер бизнеске КСРО құлаған қиын кезеңде келіпті.

Мен институтты инженер-технолог мамандығы бойынша аяқтап, заводта жұмыс істедім. Завод Кеңес Үкіметімен бірге жойылды. Анам «тұрақты бол, күте тұр, заводқа жұмысқа тұр» — десе, әкем: «кез келген тарихи құлдырау – жаңа мүмкіндіктердің бастауы», — деп мені жаңа іске итермелеген болатын. Өзіңді басқа салада сынап көруге қорықпа деп кеңес берді. Кеден брокері болдым. Ол кезде Еуропа стандарттары бойынша кедендік декларацияларды толтыруды көбі білмейтін. Қазір мен еліміздің кеден саласын сонау жылдардан бері «ішкі әлемін» көріп, еліміздің алғашқы «Кедендік Кодекстің» шығуына атсалысқанымды мақтан тұтамын. Кедендік қызметтен кеткен кезде бірге оқыған курстасым ауыл шаруашылығындағы кәсібіне көмекке шақырды. Құнан мен байталды ажырата алмасам да, бұл бизнеске келдім. Экономист болып жүріп, бір айдан соң директор болдым. Басшылықтың туысқандарына құнан-биесін, қымыз-саумалын тегін беретін әрекеттеріне тосқауыл қойдым. Бизнесте ең үлкен жау – өзің! Ешкімге ештеңені тегін бермегеніміздің нәтижесінде барлық қарыз жабылып, шаруа қожалығы дамудың жаңа кезеңіне көшті, — деді кәсіпкер.

Бертін келе ол Нұр-Сұлтан қаласына жақын жерден бірнеше гектар жерді жалға алып, «Ақбар» ауыл шаруашылығы кооперативін ашқан. 100 еріктіні кооперативке шақырады: олар тегін жер алады, үй салып, шаруашылық жасау – өз қалталарынан. Басты талап: осы жерде өмір сүру, шаруашылықпен айналысу, гүлдендіру.

Шаруашылыққа икемді бірнеше отбасымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен үлкен істі бастадық, — деді кәсіпкер Қожанова.

Осындай кәсіптің әр саласын ауылда дамытып, нәпақа тапқан, онымен қоса ауыл азаматтарына жұмыс орындарын ашқан батыл да қайсар әйелдер еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отыр. Ақмола облысының елді-мекендерінен байланысқа шыққан әйелдер өздерінің табысты кәсіптерінің басталу тарихымен бөлісіп, ауыл әйелдерін жұмысқа шақырды. https://strategy2050.kz/news/a-mola-oblysynda-y-auyl-yelderini-forumy-tabysty-k-sipker-yelder-t-zhiribelerimen-b-listi/

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *