Диқан алақанын ысқылап отыр

Қазақстанның негізгі ресурсы саналатын ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада көшбасшылардың қатарында. Біздің өңір – ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, еңбек ресурстары жеткілікті аймақ.

Пандемия кезінде құлдыраған экономиканы қиындықтан алып шығатын ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі болды. Иә, қазіргідей сын сағатта бұл салаға мемлекет тарапынан да  айтарлықтай қолдаулар көрсетілуде.

Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының драйвері. Әр аудан өзінің жер жағдайы, табиғаты, климатына қарай ауыл шаруашылығы саласын   дамытуға үлес қосып отыр. Өңір шаруалары  дәл қазір жиын-терім науқанына кірісіп кеткен. Биыл бақша өнімдеріне субсидия берілген жоқ, бірақ диқандар жерден бұйырған несібесін алып отыр.

Мәселен, Түлкібас, Төлеби аудандарында алма бизнесі жақсы дамыған. Мұнда өсетін алмалар Алматының апортынан ешбір кем емес. Түлкібас ауданының бағбандары бүгінге дейін 535 тонна жаздық алма жинаған. Енді аймақта күздік алманы жинау науқаны басталады. Мамандардың айтуынша,  биыл алма ағаштары жемісті мол салған. Ал, Төлеби ауданында бұрынғы алма бақтарынан өзге былтыр «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативі 110 гектар аумаққа алма еккен. Ауданда алма өсіру осылай қайта қолға алынып жатыр.

Ал, Сарыағаш ауданында жүзім шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Өңір тұрғындары бау-бақшаларын кеңейтіп, жүзімдік алқаптарды молайтып келеді.  Бұл аймақтa тек жүзім, алма ғана емес, алша, шие, лимон, анар, банан, киви секілді тропиктік және субтропиктік жемістердің де түр-түрі өсіріледі. Экзотикалық жемістерді өсіруге, тәжірибе жасап көруге Сарыағаш ауданының  еңбекқор халқы да ерінбейді, климат та қолайлы.

Жылда осы уақытта қарбыз жинау маусымы қызып жататын. Алайда,  биыл қарбыздың бағасы арзандайтын тамыз айында керісінше, баға екі есе көтеріліп кетті.  

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары мұның себебін сұраныстың артуымен түсіндіреді. Олар берген мәліметтерге сүйенсек, биыл 62 мың гектар жерге  бақша дақылдары егілген. Ол өткен жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға артық. Бұл республикадағы бақша дақылдары егістігінің 61 пайызын құрайды. Демек, еліміздегі бақша дақылдарының 61 пайызын біздің өңір беріп отыр. Айта кетейік, бүгінде облыста бақша өнімдері облыс халқының қажеттілігінен 34 есе,  республика халқының қажеттілігінен 32 есе артық. Сондықтан бақша өнімі Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр.

Басқарма мамандарының мәліметінше, биыл 1457 мың тонна бақша өнімі жиналады деп жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін 1330,2 мың тонна өнім жиналыпты. Бұл – жоспардың 91 пайызы орындалды деген сөз. Ішкі сұраныстан артылған өнім Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және солтүстік облыстарға жөнелтілген. Сонымен қатар,  65,7 мың тонна өнім Ресей, Белоруссия, Латвия елдеріне экспортталған.  Бір Ордабасы ауданының шаруалары 250 тонна өнімді Ресейге жөнелтіп отыр. Мұнда жылыжайлар саны жылдан-жылға артып, былтырдың өзінде 20 га, биыл 10 га жылыжай іске қосылған.

Облыстағы жалпы бақша еккен 7500 агроқұрылым иесі пісу мерзіміне қарай гектарынан алғашында 2 миллион теңге табыс тапса, қазір 600 мың теңге көлемінде пайда көруде.Қалай десек те, қазір жерден несібесін тергендер алақандарын ысқылап отыр.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan». https://okg.kz/post?id=21956&fbclid=IwAR3Cd8mMCYzSHnxsTmS_82mLprRZCl694CQFKyrrg1QvPqOEPb11H-QYDA4

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *