Шығыс-Қазақстан облысының жетістікке жеткен ауыл әйелдері

Жанкүшікова Рысқан Жағіпарқызы — мүгедек балаларды қолдауға арналған «Сенім-Үміт» қоғамдық қорының басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Шығыс-Қазақстан облысының өзінің тұрған Үржар ауданында өте танымал азаматша. Ауыл әйелдеріне арналған кітаптың бетіне шыққан Рысқан Жағіпарқызының жетістікке жеткен тарихының өмірлік ұраны: «Азаматтың тірегі, халқының шын жанашыры…».

«Мен 1949 жылы Мақаншы ауданының Бақты ауылында дүниеге келдім. — Рысқан Жағіпарқызы өз әнгімесінде осылай деп жазған. — Еңбек жолымды 1970 жылы математика пәнінің мұғалімі болып бастап, әдіскер, орта мектептің директоры қызметін атқардым, одан соң 15 жыл Үржар ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еттім. 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Үржардағы балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болып еңбек еттім. Қазір осы орталық басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасарымын. Бала тәрбиесi — қоғам үшін ең маңызды iс. Ал мүмкіндігі шектеулі, мүгедек бала дегенде, көз алдымызға еңбекке жарамсыз, күндіз-түні ата-ананың қамқорлығында отырған балалар елестейді. Еңбек — әр адамның өмірлік қажеттілігі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың еңбек дағдыларын қалыптастыру оңай емес, бұл — ерінбей-жалықпай, шаршамай-қажымай, асқан төзімділікпен атқарылатын іс. Мұндай балаларды еңбекке баулыса, ертең есейгенде өмірде өз орнын табуға, өзіне лайық мамандықты меңгеруіне көп көмегі болар еді. Мен ерекше, әдемі және батыл спорт — мүгедектер арбасындағы би түрінің Шығыс Қазақстан облысында қанат жаюына атсалысқан жандардың бірімін. Бүгінгі күні осы би түріне біз жаттықтырған жасөспірімдердің арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері, спорт шеберлігіне үміткерлер, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар екенін мақтаныш сезіммен айтамын. Ұзақ жылғы еңбегім бағалаусыз қалған жоқ. «Құрмет» орденімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталдым, сонымен қатар Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы шығарған «Шығыстың інжу алқасы» кітабы үшін «Рух күші» номинациясының иегері болдым, басқа да марапаттарым бар. Әсіресе, 2011 жылдың сәуірінде елордадағы Тәуелсіздік Сарайында өткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсіміне қатысу құрметіне ие болғаныма айрықша қуанамын. Екі рет Елбасының Алғыс хатымен де марапатталдым. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — дейді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын өз проблемаларымен оқшаулап, шетқақпай қылмай, керісінше, қоғам оларға жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Ең бастысы — баланы ортаға бейімдеу, еңбекке баулу арқылы, ертеңгі күні өз орнын табуына көмектесу. Мүмкіндігі шектеулі балалар бір-бірімен танысып, үйірмелерге қатысып, көпшіліктің арасында жүрсе, олардың өздеріне де, ата-аналарына да психологиялық тұрғыдан әлдеқайда жеңіл болады. Осы бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар бар, бірақ қоғам тарапынан ізгі істер, жақсы бастамалар әлде де көбейе түссе, әрине, құба-құп болар еді. Қоғам тұтас бір ағза деп қарасақ, оның бір мүшесінің басына түскен қиындық басқаларға да зардабын тигізбей қоймайды, сондықтан ең абзалы — ол ауыртпалықты жабыла көтере жүріп, бірлікпен, бір-бірімізге деген тілеулестікпен, жанашырлықпен жеңу.

Жарты ғасырдан астам уақыт жұрт ісінде, соның ішінде ұрпақ тәрбиесінде жүргендіктен бе, мені еліміздің болашағы, тәуелсіздігіміздің тірегі болатын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу мәселесі көп толғандырады. Иә, еліміз жаңаша даму жолына түскен қазіргі кезеңде де әйелдердің атқарар ісі, көтерер жүгі жеңілдемейді. Бүгінгі қазақ әйелі — азаматтың тірегі, ардақты ана, жүрегі «елім, жерім, ұрпағым» деп соққан өз халқының адал перзенті. Тілегі қашан да ел мүддесіме ұштасып, ел мұқтажымен үндесіп келе жатқан әйел-аналардың өмірдегі әр қадамына, әр ісіне сәттлік тілеймін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *