Сейткереева Лязат, «Сейткереева» ЖК жетекшісі Батыс-Қазақстан облысынан

Батыс-Қазақстан облысынан жетістікке жеткен ауыл әйелдерің бірі,  «100 асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітабының кейіпкері — Сейткереева Лязат. Яғни, Ақсуат ауылындағы «Сейткереева» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісімен танысамыз.

«Менің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамым өзім туып-өскен Ақсуат ауылында басталды. Нақтырақ айтсам, жұбайым Теңгелбай Дүйсенғалиев екеуміз осы ауылда дүкен ашқан сәттен басталды. Ол жылдары қаладан 200 шақырым қашықта орналасқан ауылымыздың тұрғындары азық-түлікті шамасы жететіні — арбалап, шамасы жетпейтіні дорбалап, бәрі де жол азабын тарта жүріп, алыстан таситын. 1996 жылы Ақсуат ауылынан жалға шағын ғимарат тауып, азық-түлік дүкенін аштық. Әрине, іс бастау үшін қаражат қажет қой. Бастапқы қаражат үшін біз қорадағы малды да саттық, ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін жұбайымның жалақысын да салдық. Дүкен сөрелеріне дайын азық-түлік түрлерін ғана қоймай, өзіміз бақша салып, оның өнімдерін де сатуға шығардық. Үш жылдан кейін кәсібімізді кеңейту туралы ойладық. 1999 жылы ауылдан 3 шақырым жерде өтіп жатқан Орал — Атырау күрежолы бойынан асхана ашуды ұйғардық. Ол кезде құрылыс жүргізу қиынның қиыны еді, біз жол бойына шағын вагон әкеліп, қолымыздан келгенше асхана «құрастырып» шықтық. Газ, су, электр жарығы дегендеріңіз даладағы асхана түгіл, ауылдағы үйіңде де бола бермейтін жылдар ғой? Жарық мәселесін өндіргіш мотордың көмегімен реттеп, ал азық-түлікті сақтау үшін, ұралар қазып алдық. Бірақ құрылыс жұмысынан хабары бар, өзі шебер жұбайым тынымсыз еңбектене жүріп, бірте-бірте жаңа ғимарат тұрғызды. Сөйтіп, асханамыз енді дәмханаға айналды. Дәмханамызды арзан да табиғи өніммен қамтамасыз ету мақсатында, біз бақша салумен қатар, шаруа қожалығын ашып, мал да баға бастадық.

Жұбайым Теңгелбай ауған соғысының ардагері еді. Өзінің қарулас достарын ол жанындай жақсы көретін. Соларды жиі еске алып жүрейін деп, дәмханамыздың атын «Саланг» деп атады. Саланг — Ауғанстандағы асудың аты. Міне, сол дәмханадан жақсы табыс түсіп, өзіміздің ұзақ жылғы жұмысымыздың нәтижесін, жемісін енді көре бастағанымызда, жұбайым жол апатына ұшырады. Бұл 2008 жыл еді. Ойламаған жерден арқа сүйер тірегімнен айырылдым. Бұл мен үшін өмірдегі ең ауыр соққы еді. Алайда артында үш баламыз қалды. Сол балалардың болашағын ойлап, еңсе тіктедім. Бірақ тағдырдың сынағы мұнымен бітпепті. Артынан бірі — 21, енді бірі 17 жастағы ұлдарымнан да айырылып, өмірден түңіліп кеттім. Басыма түскен бұл қайғыны көтере алмай, ешнәрсені керек етпестей халде есеңгіреп қалдым. Ең жақын, ең қымбат үш бірдей асылынан айырылу адамға қайдан жеңіл тисін? Сондай қайғы-қасіретте жүргенімде, мені анамның: «Қызым, өмір дегеніміз — күрес. Бұл күресте сен міндетті түрде жеңіп шығуың керек!» — деген бір ауыз сөзі жігерлендірді. Мен жұбайыммен бірге бастаған ісімді қайткенде де жалғастырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, оның рухын риза еткім келді. Жабыққан, торыққан сәттерде кәсібімді өзіме жұбаныш еттім. Үнемі ізденіс үстінде, қайнаған жұмыстың ортасында жүруге тырыстым. Сөйте жүріп, 2013 жылы «Даму» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен 3 миллион теңге несие алдым. Осы қаржыға дәмханамыздың жанынан наубайхана аштым. Жеке кәсіптен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да бар мүмкіндігіммен атсалысып келемін. Ақжайық ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің және Ақсуат ауылындағы аналар кеңесінің төрайымымын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және құқықтық сананы қалыптастыру мақсатында ауданымызда құрылған ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесімін. Адам қара басының қамын, өз жағдайын ойлап қана өмір сүрмеуі керек Адамдықтың басты өлшемі — айналасына деген жанашырлық. Әйелді қырық шырақты деп бекер айтпаған. Ниет етсе, әйел барлық қиындықты жеңеді. Сондықтан әрдайым тек жеңіп шығуға, жеңіске ұмтылыңыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *