Қызылорда облысының тұрғыны Жеңсікбаева Шынаркүл Қуанышқызының жетістікке жеткен тарихы.

Құрметті сайт қонақтары, сіздерді жетістікке жеткен ауыл әйелдерінің тарихтарымен таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Жеңсікбаева Шынаркүл Қуанышқызы — Қазалы ауданының «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығы қоғамдық қорының президенті.

«Менің ісім — қамқорлық» — дейді Шынаркүл Қуанышқызы. «Мен 1973 жылы Қазалы ауданында көп балалы теміржолшылар отбасында дүниеге келдім. Қызылорда экономика, экология жəне құқық университетін сонымен бірге «Болашақ» университетін бітірдім, мамандығым бойынша заңгер әрі педагогпын. Еңбек жолымды 1993 жылы аудандық қаржы бөлімінде бастаған едім, одан соң аудандық мүгедектер қоғамына ауыстым. 1995 жылдан бастап мүгедек балалар мен олардың ата-аналарын қолдау мақсатында құрылған «Шапағат» орталығында жұмыс істеп келемін. Осында бастапқы жылдары түрлі жұмыстар істеп, 2010 жылдан бері орталықтың президенті қызметін атқарып келемін. 2014 жылы өз кәсібімді бастауды жөн көріп, «Ханшайым» жеке балабақшасын аштым. Қазіргі күні «Шапағат» орталығының президенті және жеке балабақша меңгерушісі қызметтерін қоса атқарып жүрмін. Ал қоғамдық жұмысыма келсем, биылғы жылдан бастап «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінде сарапшы әрі осы қауымдастықтың Қазалы ауданы бойынша өкілі болып табыламын.
Үкіметтік емес секторда ұзақ жылдардан бері істеп келемін. 1998 жылы БҰҰ-ның қолдауымен «Үкіметтік емес ұйым маманы» сертификатын алдым. Мемлекет, бизнестік құрылымдар жəне халықаралық қорлармен бірлесе отырып, 1995-2020 жылдардың аралығында Қазалы ауданында мүгедек балаларды өмірге бейімдеу, олардың ата-аналарына қолдау көрсету мақсатында 50-ге жуық əлеуметтік маңызы бар жобаны іске асырдық. Әрине, бұл жалғыз менің еңбегім дей алмаймын. Бұл жобалар менің қандай мақтауға да лайық ұжымдастарымның арқасында ғана іске асты.

Біздің ұжымның белсенділігі өз елімізден тысқары жерлерге де белгілі. Мысалы, Германияның SES компаниясының қайырымдылық бағыттағы жобаларымен бірлесе жұмыс жасау барысында 2017-2019 жылдар аралығында орталығымызға осы елден үш рет сарапшы шақырттық. Олар —мүгедек балалармен жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар. Нәтижесінде орталықтағы балаларды жан-жақты дамыту мақсатында жаңа авторлық нұсқаулық жазылды. Бұл — 500 беттен тұратын қомақты еңбек. Біздің ұжым 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы «Үздік үкіметтік емес ұйым» атанды, осы жылы еліміз бойынша да «Үздік əлеуметтік үкіметтік емес ұйым» сыйлығына ие болды. Бұл — біздің жетістіктеріміздің бір парасы ғана. Үкіметтік емес ұйымның жұмысын жолға қою көп ізденісті қажет етеді. Осы орталықтың жұмысына алғаш келген 1995 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта БҰҰ, оның арнайы мекемесі болып табылатын халықаралық Еңбек ұйымы, USAID, ЮНИСЕФ, Евразия елшілігі, тағы басқа ұйымдар тарапынан ұйымдастырылған семинарларға, өзге де дәрістерге қатысып, 40-қа жуық сертификат иемдендім. Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясының ұйымдастыруымен барлық аудандарда «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау: даму мен өркендеу мақсатындағы серіктестік» атты форумдар өтті. Аталған қауымдастықтың Қазалы ауданындағы өкілі ретінде бірінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың жұмысында тұрақты қаржыландыру мәселесінің шешілуін, бұл үшін әлеуметтік кәсіпкерлікке бет бұруды құптаймын. Біздіңше, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, әлеуметтік кәсіпкерлікке бағытталған үздік жобаларды қаржыландыру қажет. Биыл облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік жобалар» сайысына ауданымыздан 5 жоба ұсынылды. Бұл жобаларды дайындауға аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық әйелдер кеңесі, «Өнеге», «Сауал» қоғамдық бірлестіктері зор үлес қосты. Осы саладағы ұзақ жылдар бойғы жұмысым бағаланып, «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталдым. Отбасында 4 ұл, 1 қыз тəрбиелеп отырған анамын. Еліміздің амандығы, балаларымыздың жарқын болашағы жолында қажырлы қызметімізді одан әрі жалғастыра берейік дегім келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *