Қызылорда облысынан — Нұржакиева Гүлістан Сансызбайқызы

«100 асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітабының кейіпкері — Нұржакиева Гүлістан Сансызбайқызы — Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры туралы бүгінгі әнгімеміз.

Гүлістан Сансызбайқызы өз маманың өте жақсы көреді. «Кітап бар жерде, рухани жаңғыру тоқтамақ емес» деп санайды. «Мен сонау 1982 жылы Алматы қыздар педагогикалық институты қабырғасынан кітапханашы-библиограф мамандығының иесі атанып шығып, еңбек жолымды аудандық орталық кітапхананың әдіскері қызметінен бастадым. 1994 жылдан бастап Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін атқарып, аудан бойынша осы жүйедегі кітапханалардың жұмысына басшылық жасап келемін. Қызмет барысында алдыма аудан кітапханаларының материалдық-техникалық базасын жақсартып, өз жұмысымызға озат тәжірибелерді барынша пайдалануды басты мақсат етіп қойдым. Аудан халқына рухани азық беретін кітапханалар жүйесі игі істердің ұйытқысы болып, халыққа мәдени қызмет көрсетуде жоғарғы көрсеткішке жеткені үшін, 1997 жылдың қорытындысы бойынша біздің ұжым жыл жеңімпазы атанып, облыстық мәдениет басқармасының «Құрмет дипломымен» марапатталды.

Ол — өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары еңсені көртертпей, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, әркім өзімен өзі болып, өз басындағы қиындықтан шығар жол іздеп жүрген шақ. Әсіресе кітапханалар үшін бұл уақыттың зардабы ауыр болды. Кітап қорын толтыру, оқырман тарту, басқа да мәселелердің шешімін табуда көбіне біз өз ізденістерімізге сүйеніп, өз ісімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында ғана алдағы күнге үмітпен қарайтынбыз. Сол тұста кітап қорын толтыру мақсатында «Кітап— сарқылмас білім бұлағы» атты акция ұйымдастырылып, біздің жұмысымызға үлкен серпіліс әкелді. Кейін мұндай акция облыстық дәрежеде өткізіле бастады. Облыстық «Ауыл келбеті» бағдарламасына сәйкес ауылдық кітапханаларда көшпелі кеңес өткізілді. 2003 жылы Орталық Азия және Ресей баспагерлерінің, жазушылар мен ақындардың қатысуымен өткен ІІ халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» атты кітап, полиграфия жәрмеңкесіне орай, Ұлттық кітапханада құрылған «Ұлы Жібек жолы» экспедициясы ауданымызда болып, жеке тұлғалардың меншігіндегі тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар, қолжазба және сирек кездесетін кітаптармен танысты. Мен Шіркейлі аулындағы Тапал ахун кітапханасынан екі кітаптың — оқулық және шариғат кітабы — өңделіп, қайта түптелуіне атсалыстым. Қазақстан кітапханаларын модернизациялау бағдарламасы аясында Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 15 ауылдық кітапхана ауыл тұрғындарына ғаламтор желісіне қосылған жаңа технологиялармен қызмет көрсете бастады. Олар жаңа үлгідегі ауылдық модульді кітапхана мәртебесіне ие болды. Қазіргі күні Сырдария аудандық орталық кітапханасының кітап қорын, соның ішінде жиі сұраныстағы кітаптар мен басылымдарды, сирек кітаптар мен қолжазбаларды, аса құнды көне басылымдар мен өңірлік газеттерді цифрлық форматқа көшіру ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 2427дана кітап, 542 130 бет болатын құнды дерек цифрлық форматқа көшірілді. Қазір кітапханаларымызға ақпараттық технологиялар енгізіп, оларды тартымды ету, оқырмандарға жайлы жағдай жасау, тұрақты келіп тұратын орталыққа айналдыру мақсатында біздің кітапханаларымызда 12 коворкинг орталығы ашылды. Республикадағы кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесім үшін облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы директорының алғыс хаттарына, 2013 жылы «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісіне, басқа да көптеген марапаттарға ие болдым. Жаңарған ұлтымыздың тәуелсіз еліміздің жетістіктерін әлемге паш ете берсек деп тілеп, біз осы мақсат жолында талмай еңбек ете бермекпіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *