ЭКСПО – мүмкіндіктер қалашығы

Ел абыройын асқақтатып, айрық­ша жетістіктердің бірі болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сі­нің өткеніне де төрт жыл толыпты. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 ха­лық­аралық ұйымның басын қос­қан ЭКСПО шағын қалашығына айналған-тын. Көрмеден кейін бұл аумақ іскерлік орталыққа айналып, тап­тырмас туристік орын әрі бас қала­дағы мәдени-рухани, танымдық түрлі жобалардың ошағына айналды.

Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан На­зар­баев 2018 жылы мақұлдаған ЭКСПО кешенін көрмеден кейін пайдалану тұ­жы­рымдамасын іске асыру барысында көр­ме кешені елорданың жаңа іскерлік орталығына айналды. ЭКСПО базасында іскерлік белсенділікті ынталандыру және жетекші даму институттарын тарту үшін толыққанды бизнес-орта қалыптасқан. Сонымен қатар кешен аумағында кез келген деңгейдегі іс-шараларды өткі­зу үшін қажетті жабдықтармен жарақ­тан­­­ды­рылған заманауи алаңдар жұмыс істейді. Дамыған сауда, қонақүй және кө­лік инфрақұрылымы іскерлік орталық экожүйесінің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасайды. Әлқисса.

 ЭКСПО нысандары қалай жұмыс істеп тұр? Алдағы екі жылда ЭКСПО Халық­аралық мамандандырылған көрмесіне кеткен шығын толық өтеледі. Яғни 2023 жылдан бастап іскерлік орталық өзін өзі қамтамасыз етеді. Көлемі 25 гектарды алып жатқан алаңда 350 мың шаршы метр болатын 15 нысан орналасқан. Олардың қатарында NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы, Astana IT университе­ті, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT стартаптар технопаркі және басқа да компания бар. Бұдан бөлек орталық аумағында «Цифр­­­лы үкіметтің» кеңсесі жасалып жатыр. Жаңа кеңсені жыл соңына де­йін іске қосу жоспарланған. Бүгінде ғима­раттардың 98 пайызы пайдаланылады. Мұнда әр саладағы түрлі ауқымды іс-шаралар да өтіп келеді. Мәселен, жыл аяғына дейін ЭКСПО-да 15 көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр. Кон­гресс орталығында да қосымша он үш жиын өтеді. Ұлттық компания сауда инфрақұрылымын құру бойынша да жұмыстар жүргізіп жатыр. Оның аясында 4 трансшекаралық хаб құру көзделген. Ұлттық компанияның активінде екі 102 орындық негізгі залы бар Конгресс орталығы және көпфункционалды алаң әрі Орталық Азиядағы ең ірі көрме ор­талығы – ЭКСПО халықаралық көрме орталығы бар.

«QazExpoCongress» ұлттық ком­пания­сы» АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүні­сов­тің айтуынша, іскерлік орта­лықтағы ма­ңызды нысандардың бірі, әсіресе ту­рис­терді қы­зықтыратын орынға айнал­ған – NUR ALEM болашақ энергия­сы мұражайы.

«2018 жылдан бастап мұражайда елі­міздің барлық өңірінің қатысуымен 150-ден астам ойын-сауық және білім беру іс-шарасы өтіп, одан бөлек 500-ден астам Kids&Students Future Energy ашық сабағы ұйымдастырылды. Көрмеден кейінгі кезеңде NUR ALEM-ге 800 мың­­нан астам адам келді. Шетелдік ту­рис­­тердің басым бөлігі ТМД елдері, Қы­тай, АҚШ, Германия, Италия, Үндіс­тан және тағы басқа елден келді», дейді ол.Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап Мәскеудегі «Қазақстан» сауда-көрме орталығы QazExpoCongress ұлттық ком­ниясының балансына қабылдан­ған. Ондағы мақсат – қазақстандық тауар­­ларды Ресей нарығында ілгерілету.

 Қазақстан Дубайдағы көрмеде не ұсынады? Еске салсақ, Дубайдағы ЭКСПО-2020 көр­месін былтыр 1 қазанда өткізу жоспар­ланған болатын. Алайда әлемдегі эпи­демиялық жағдайға байланыс­ты көрме бір жыл кейінге қалдырылды.
1 қазанда басталатын көрме алты айға созы­лып, келер жылдың 31 наурызында аяқталмақ. Биылғы тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». Оның үш мәні бар: мүмкіндік, ұтқырлық, тұрақ­тылық.

Ал 2017 жылы елімізде өткен көрме – халықаралық мамандандырылған көр­ме (немесе қысқамерзімді көрме) бол­ғандықтан, үш айға жоспарланды. Алдағы көрмеде Қазақстанның па­вильо­ны қандай болатынын «QazExpo­Congress» ұлттық компаниясы» АҚ бас­қарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов айтты. «Бүгінде біздің павильон бойынша екі ұсыныс бар. Бірі – оны жылжылмалы етіп жасап, кейін елге алып келу. Екінші жолы – көрмеден соң павильонды Дубайда қалдырып, сол жерде Қазақстанға экономика мен сыртқы сауда бойынша инвес­тор­ларды тарту. Бірақ бұл ұсыныс әлі тал­қылану үс­тінде. Біздің павильонды құ­рылыс әле­мінде халықаралық деңгейде танымал швейцариялық компания салып жатыр. «Неге отандық компания емес» деген сұраққа келсек, алдымен құ­­рылыс алаңы шетелдікі, екіншіден ке­шен жиналмалы болады, яғни оны елге әкелу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта құры­лыс-монтаждау жұмысы аяқталды. Та­мыз-­қыркүйек айларында павильонды тес­тілеу сынағынан өткізетін боламыз», деді.

Қазақстандық павильон төрт аймақтан тұрады. Ол – киелі мекендер картасы, мә­­дени мұра, табиғи байлықтар және биосандық. «Біздің павильонға келушілерге алдымен еліміздің шығу тарихын баяндайтын «Шежіре» атты 6 минуттық танымдық бейнежазба көрсетіледі. Сонымен қатар, көрмеде елорданы арнайы таныстыратын боламыз, себебі Нұр-Сұлтан қаласы жас болғанымен инвесторларды тарту жағынан әлем қалаларынан кем емес. Па­вильонның жалпы аумағы – 3 400 шар­шы метр. Алдын ала болжам бойынша Қазақ­станның көрме павильонын 1 млн халық келіп көреді деп жоспарланып отыр», дейді А.Шәйжүнісов.

«Қазақстан – Ұлы дала елі» деп ата­ла­тын бірінші аймақта республика­ның бірегей табиғаты, киелі жерлері мен мәде­ни мұралары көрсетіледі. Ал екін­­­ші ай­мақ Нұр-Сұлтан қаласы мен өңір­­лерге арнал­ған. Үшінші аймақта (Future road) елі­міздің барлық алдыңғы қа­тарлы же­тіс­­тіктерін көрсету жоспарланып отыр. QazExpoCongress өкілдері атап өт­кен­дей, үшінші аймақта бейне көрсе­тіледі. Келушілерді қызықтыру үшін арнайы интерактивті ойындар өткізілмек. Төртінші аймақ – Final show. Жоспар­ланған бұл жобалардың барлығы көр­менің тақырыбына сәйкес: яғни ақыл-ойды қалыптастыра отырып, адам мен жасанды интеллект арасындағы симбиоз көрсетіледі.

Сондай-ақ компания төрағасы көрме үшін стендистерді іріктеу қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Қазір стен­дистерді іріктеу жүріп жатыр. Стен­дис­терді біз осында тереміз. Мақсат – жас­тарға павильонда жұмыс істеуге барынша мүмкіндік беру. Біз оларды тамақпен, қонақүймен, керек-жарақпен, жол ауысыммен және т.б. қамтамасыз етеміз. Олар үш айдан екі ауысыммен жұмыс істейді», деді. Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны Біріккен Араб Әмірліктері­нің ұлттық павильонына, Emirates, DP World, Enoc және АҚШ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Германия, Италия, Жапония, Швейцария, ҚХР және т.б. елдердің корпоративтік павильондарына жақын жердегі «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде орналасқан.

 Халықаралық көрме орталығы ашылды. ЭКСПО шағын қалашығында ха­лық­аралық көрме орталығы жұмыс іс­тей ­бастады. Бұл жер «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде қойма болған екен. Кейін қойманы тиімді пайдалану мақсатында көрме орталығын ашу туралы шешім қабылданған. «Бұл орталықта кішігірім ғана емес, кең ауқымды халықаралық деңгейдегі көрмелерді де ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Мұндай көрме орталығы Қазан қаласында бар. Ал Ташкентте енді салынып жатыр, бірақ оның форматы басқа. Көрме орталығының тағы бір ерекшелігі – кеңдігі. Яғни кез келген форматтағы шараны ұйымдастыруға ыңғайлы. Мысалы, қазір Automechanika Astana 2021 атты халықаралық автомобильдер көрмесі өтіп жатыр», деді QazExpoCongress ұлт­тық компаниясының төрағасы.

Көрме орталығының жалпы аумағы – 13 мың шарты метр. Былтыр қыркүйек айында ашылғанымен, пандемиялық ахуалға байланысты осы уақытқа дейін бірде-бір іс-шара болмаған. Ал алдағы уақытта ULTTYQ ÒNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халық­аралық іс-шараларды өткізу жос­пар­ланып отыр. Сондай-ақ Smart City Nur-Sultan ақылды қалалардың халық­аралық IT-конгресін өткізу жоспарда бар.

Маржан ӘБІШ   https://egemen.kz/article/279908-ekspo-%E2%80%93-mumkindikter-qalashyghy
© egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *