АМИНА ЖАКУПОВАНЫҢ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН ТАРИХЫ

Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Аңғал батыр ауылдық округінің әкімі Амина Жакупова өз жұмысы жөнінде осылай деп айтқан: «Мақсатым — халықтың сенімін ақтау. Халыққа жан-жақты қолдау көрсету».  «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітапта Аминаның тарихы жазылған: «Мен, 1978 жылы 9 шілдеде Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы «Жаңа ауыл» ауылында қазақтың дәстүр салтына берік, үлкенге ізет, кішіге құрметпен қарайтын қарапайым отбасында дүниеге келдім. 1984 жылы Амангелді орта мектебін таудай талаппен, асқақ арманмен, болашаққа деген нық сеніммен бітіріп шықтым. Орта білім негізінде Қотыркөл совхоз колледжінде «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша білім алдым, сонымен қатар 1996 жылы Қотыркөл ауылшаруашылық колледжін «Бухгалтер» мамандығы бойынша бітірдім. Мен бала күнімнен еңбек еткенді ұнататынмын. Сондықтан да еңбекке ерте араластым. Дегенмен де уақыт өте келе жоғары білім алып, біліктілігімді арттыру заман талабы екенін білдім. Мына қым- қуыт уақытта жоғары білім алу керектігін ұқтым. Осынау мақсат жолында мен 2004 жылы Көкшетау университетінің заң факультетінің сырттай оқу бөліміне қабылданып оны «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды «Жаңа ауыл» ауылында «Бидай» АҚ жұмысшы болып бастадым. Осы жерде жүріп мен ауыл адамының жұмысы жауапкершілікті талап ететінін ұғындым. 2004 жылы Еңбекшілдер ауданы «Аңғал батыр ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде халыққа қызмет көрсету саласында бас маман қызметін атқардым.

Ауыл тұрғындарымен етене жақын араласып, бірлесіп жұмыс істедім. Мен 2008 жылдан бастап осы уақытқа дейін Аңғал батыр ауылдық округінің әкімі болып қызмет етемін. 13 жылдық еңбек жолымда күнделікті қажырлы еңбегім мен астықты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесім үшін облыс және аудан әкімдерінің тарапынан бірнеше рет Алғыс хаттармен, Біржан сал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Үздік әкім» номинациясында «Біржан сал ауданына 90 жыл» және «Ауыл еңбегі үшін» медальдармен марапатталдым. Әкім бол халқыңа жақын бол деп айтқандай, мен өз жұмысымды сүйемін. Ауыл адамдарының мұңын тыңдап, ұсынысына құлақ түріп, шешім шығара білуді үйрендім. Елдің ішіндегі шынайы ахуалды ауылдық әкімдерден артық білетін жан жоқ. Ауылдық округтің әкімі болып жұмыс істеген кезде біршама маңызды іс шаралар атқарылды. Олардың қатарында: 25 орындық «Балдәурен» шағын орталығы ашылуы, Амангелді орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілуі, видеолық бақылау камерасының орнатылуы, сондай-ақ мектептің ішкі өрт сөндіру қызметі үшін өрт крандары орнатылуы бар. Сол сияқты ауылымызда балалар ойын алаңы салынды; Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша үйге су құбыры желілері қайта жүргізіліп, жаңартылды; Ауылда өрт сөндіру станциясы жұмысын бастады, ауыл тұрғындарына жұмыс орындары ашылды; Жарықтандыру орнатылды, қоқыстар, тозған ғимараттар мен құрылыстар бұзылып, шығарылды, сондай-ақ орны тегістелді. Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш қайтадан жаңартылды, ал ескерткішке барар жолға тас төсеніш төселді. Ауылымыздан шыққан жеке кәсіпкерлердің қолдауымен екі сауда орны ашылды. Аңғал батыр ауылында мешіт, 240 орындық мейрамхана (кафе) бой көтерді. Ауылдық округке «Аружан 2017» ЖШС инвесторлар тобы тартылды.

Ауылда жатақхана, асхана, өндірістік база, бетон қоймасы тұрғызылды. Осынау іс -шараларды біз ауылдық округте тұратын ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен мейірімділігінің арқасында бірлесіп атқардық. «Бұл тек бастамасы, алда талай нығметтер күтіп тұр бізді», деп айтамын ауылдастарыма. Шындығында «көз қорқақ, қол батыр», ниет етіп бастаған іс әркез нәтижелі болатыны шындық. Менің негізгі мақсатым — халықтың сенімін ақтау, халыққа жанжақты қолдау көрсету. Бүгінгі күнде жұбайым Рустем Кожахметұлы екеуміз екі бала өсіріп, ардақты ата- ана болып отырған жайымыз бар. Қазір қызымыз Айнұр Көкшетау қаласының № 11 мектеп гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ұлымыз Темірлан Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік медициналық университеттің 3 курс студенті. Менің отбасым — менің тірегім және менің қорғаным.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *