«АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫМЫЗ…»

Бұгінгі кейіпкеріміз Гүлшара Қамиқызы АХМЕТОВА , Қарағанды облысы, Шет аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «АҚТІЛЕУ» қоғамдық қорының директоры, ауыл әйелдері Форумының делегаты. Гүлшара Қамиқызының жетістік еңбек жолы «Асқар шыңдарға ту тіккен 100 ауыл әйелдері /100 историй успеха сельских женщин» атты кітабында жазылған: «Мен, 1957 жылы Шет ауданының Ақбауыр ауылында дүниеге келдім. Әкем Қами – ерліктері ел есінде сақталған батырлар шыққан текті әулеттің ұрпағы, өзі де Ұлы Отан соғысына қатысып, от пен оқтың ортасынан елге аман-есен, абыроймен оралған жан. Соғыстан соң ұзақ жылдар бойы ауылда агроном болып қызмет етті. Әкемнің бір ерекше қасиеті – халық ауыз әдебиеті үлгілерін, жыр-дастандарды қатты жақсы көретін, көп жырды жатқа да айтатын. Әкем жыр алыбы – Жамбыл сынды ғасыр жасап, 100 жасқа келіп қайтыс болды. Ал анам Ермек те – Арқаның әйгілі айтыскер ақындарының бірі Жәкен Байтуовтың жиені. Қазақта кенже ұл – шаңырақтың иесі. Әкем өмірінің соңғы жылдарын кенже ұлы Жанаттың қолында өткізді, Жанаттан тараған немерелерін жыр-дастанға жақын етіп өсірді. Атаның сол тәрбиесі текке кеткен жоқ: қазір немересі Дидар Қамиевті барша халқымыз айтыскер ақын, жыршы, термеші ретінде жақсы біледі, сүйіп тыңдайды. Дидар бала күнінен-ақ атасынан үйренген «Алпамыс батыр» жырымен дүйім елді аузына қаратып, «жыршы бала» атанған еді. Бүгінде бауырымның өнеріне сүйсінген сәттерде, әрдайым әкемді сағынышпен еске аламын: иә, біз – асылдың сынығымыз… Ғазиз әке, мейірімді ананың құшағында өсіп, ауыл мектебінен білім алдым. Балалық шағымыз елдің соғыс зардабынан әлі де арылмаған кезіне тұспа-тұс келіп, оқушы кезімізден-ақ еңбекке араластық, еңбекпен шыңдалдық.

Мектепті бітірген соң, Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде, одан кейін Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтта оқыдым. Еңбек жолымды туған ауылым Ақбауырдағы Мәдениет үйінің меңгерушілігінен бастадым. Одан соң аудандық киножүйесінің директоры қызметіне ауысып, кейіннен ұзақ жылдар осы мәдениет саласында басшылық қызметтерде болдым. Бұл салаға 40 жылдан астам уақыт бойы сіңірген еңбегім ескеріліп, ҚР Мәдениет қайраткері атандым. Зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін аудандық Аналар кеңесінің төрайымы болдым. Бүгінгі таңда – «Ақтілеу» қоғамдық қайырымдылық қорының директорымын, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Өмірде мұқтаждыққа ұшыраған, көмекке зәру жандардың бәріне бірдей масыл ретінде қарауға болмайды. Тағдырдың сынағы мен ауыртпалығы талапты-талапсызды таңдамайды. Сондықтан құлаған, қиналған жанды табаламай, керісінше, қолыңнан келгенше жәрдем беру, сүйеу болу – парыз. Біздің қор да, аты айтып тұрғандай, мұқтаж жандарға әрдайым тек ақ тілеумен көмек қолын созады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» – дегендей, кәсіпкерлердің ауызбіршілігінің арқасында ауданда әлеуметтік тегін дүкен де ашылды. Қайырымдылыққа, мейірімге зәру жандар үшін ұйымдастырған осындай істеріміз атаусыз қалмай, республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталдық. Жақсымен сыйласу, әлсізге қамқор болу – ата-бабалар жолы. Біздің басты ұстанымымыз – ата-баба аманат еткен осы жолды үзбей, сабақтастықпен кейінгі ұрпақтарға жалғау. Адам қара басының ғана қамын күйттемей, айналасына шапағаты, шарапаты тие жүруі керек. Өз ғұмырын жеке басына пайдасы тиетін жетістіктермен ғана емес, қоғамның, көпшіліктің игілігін көздеген жақсы істермен де мәнді етуге ұмтылса – Адам деген атты ақтаудың кілті осында. Қайырымдылық істердің екінші жағы – жастар соны түсінсін, үлгі алсын деген ой еді. Кәсіпкерлік саласында да туған жер, өскен өлкемізді дамытуға қосқан үлесіміз бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Ақсу-Аюлы ауылында 50 орындық «Фатих Сұлтан» балабақшасын және Киікті ауылында 40 орындық «Сұлтан—2019» бөбекжайын аштық, қазір олар халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Жолдасым Мейрам Әлкейұлы – кәсіпкер. Отбасында үш бала тәрбиелеп, өсірдік. Ұл-қыздарымыздың – Бағлан, Ләззат, Арайлым – үшеуі де жоғары білім алып, отбасын құрып, өмірден өз орындарын тапты. Бүгінде 8 немере сүйіп, бақытты ата мен әже атанып отырмыз. Иә, отбасының береке-бірлігі – алдымен мақсат, кейіннен үлкен мақтан болуға әбден лайық құндылық. Біз де өмірдегі барлық жетістіктерге тек бір-бірімізді қолдау арқылы, ауызбіршілік арқылы жеттік.»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *