«ҚАРАПАЙЫМ ТІГІНШІДЕН ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ХАС ШЕБЕРГЕ АЙНАЛДЫМ»

ЖАҢАГҮЛ ТЕЗЕКОВА, көпбалалы ана, жеке кәсіпкер, Жаңаарқа ауданы Қарағанды облысы, ауыл әйелдері Форумының делегаты, «Асқар шыңдарға ту тіккен 100 ауыл әйелдері /100 историй успеха сельских женщин» танымал кітабының кейіпкері. Жанагуль  Ескермесқызының жетістікке жеткен тарихын назарларыңызға ұсынамыз: «Мен, 1978 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келдім, тоғыз баланың жетіншісімін. Біз Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылында тұрдық. Әкем тракторшы, бригадир, анам халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығында жұмыс істеді. Бала кезімнен ата-анам мен әжем менің бойыма еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңірді. Әжем маған киім тігуді, кигізді өрнектермен басуды үйретті, ол кісі ісмер еді. Мен күні бойы оның қасында отырып киімді қалай тігетінін, кесте жіпті қалай таңдайтынын, жүнді баппен иіретінін көрдім. Мектеп жасынан бастап киім тігуге деген құлшынышысым артты.

Тұңғыш шапанымды әжемнің басшылығымен тіктім. 1995 жылы Ынталы орта мектебін бітірдім, бірақ сол жылы ешқайда оқуға бармадым, үй шаруасымен және шапан тігумен айналыстым. Алғашқы өнімдерімді достарым мен көршілердің өтініші бойынша «Подольск» тігін машинасында тіктім. Күн сайынғы жұмыс менің тәжірибе жинауыма ықпал етті. Бұл менің ерекше құлшыныспен жұмыс істеуіме сеп болды. Ендігі кезекте түлкінің немесе қарсақтың терісінен жасалған қысқы қалпақтарды тігуді бастадым. Халықтың табиғи өнімге, қолөнершінің қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылығы арта бастады. Соның арқасында мен қарапайым тігіншіден он саусағынан өнер тамған хас шеберге айналдым. 1999 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде Жаңаарқа аудандық тігін орталығына жұмысқа орналастым, бір мезгілде пішуші және тігінші болдым. Орталықта жұмыс істеу кезінде тігін машиналарының түр түрімен танысып үлкен тәжірибе жинақтадым, әріптес-тігіншілерден көптеген пайдалы нәрселерді білдім. 2004 жылы тұрмысқа шықтым және балаларымның кішкентай кезінде тігуден бас тарттым. Менің жұбайым ішкі істер органдарында жұмыс істеді, таяуда зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда 4 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымыз. Балаларымыз балабақшаға барған кезде мен оларға мерекелерге түрлі костюмдер тігіп беретінмін. Бір күні балабақша меңгерушісі өз балаларыма мерекеге сай костюмдер тігетінімді біліп, балабақшада тігінші болып жұмыс істеуді ұсынды. 2013 жылы бала бақшаға тігінші болып жұмысқа тұрдым. Әрбір іс-шараға мен бірегей костюмдер ойлап таптым, олар ыңғайлы және жарқын болғанын қалаймын. Осылайша мен «Қарлығаш» балабақшасының гардеробын толтырдым. 2018 жылы бәрін жоспарлап, жеке ателье ашуды ұйғардым. Алдымен бағасы қолайлы бөлмені іздедім. Мұндай орын аудандық ХҚКО ғимаратынан табылып, ондағы бір бөлмені жалға алдым, жабдық сатып алып, жұмыс істей бастадым. Негізінде адамдар-қазақтың ұлттық шапандарын, оларды үйде кию үшін алады, құдалыққа, сыйлыққа алады. Мен қазір айына орта есеппен 60-70 шапан тігемін,өнімімді алатын тұрақты клиенттер бар. Алғашқы тапсырыстардан түскен қаражатқа мен жаңа тігін машиналарын, зигзаг, бүрмелеу жасайтын машина сатып алдым, содан кейін 2019 жылы тығыз маталарды тігуге арналған өнеркәсіптік тігін машинасын сатып алдым. Негізінде шапандар әрбір адамның жанына жылылық сыйлайтынын, осы шапан арқылы халқымыз ұлттық болмысын сақтап қалатынын да білемін. Алла тағалаға сансыз шүкір, қазірде мен тіккен шапандар біздің ауданда брендке айналды. Асыл әжемнен бала кезімде алған сабақ пен дағды бүгінде менің отбасыма қолдау білдіріп, демеп отыр.»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *