«ҮЙРЕНУДІ ДЕ, ҮЙРЕТУДІ ДЕ ҰНАТАМЫН»

Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандағы жетістікке жеткен кәсіпкерінің бірі — ҚАРЛЫҒАШ
ШӘКЕНОВА, «АҚСҰҢҚАР» балаларды оқыту орталығының басшысы, ауданның Іскер әйелдер Кенесінің мүшесі, ауыл әйелдері Форумының делегаты және спикері,  «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері» атты кітабының кейіпкері. Қарлығаш Шәкенованың еңбек жолы осы атақты кітап бетіне жазыдған: «Мен, 1994 жылы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келдім. 2001 жылы №132 орта мектептің 1-сыныбына бардым. Мектеп қабырғасынан-ақ әрдайым жан-жақты болуды, білім мен спортты, өнерді қатар алып жүруді ойладым. 2009 жылдан бастап президенттік көпсайыстан Жаңаарқа ауданының құрама командасының мүшесімін. Осы команда сапында бірнеше рет аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық.

2011-2016 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша оқып, оны қызыл дипломмен аяқтадым. Университетте оқи жүріп, тәжірибе жинақтауға, өз ісімді зерттеп-білуге, әсіресе, балалармен жұмыс істеудің қандай болатынын көруге тырыстым. Сондықтан 2013, 2014 жылдары жазғы демалыста үш ай бойы «Discovery borovoe» балаларды сауықтыру лагерінде тәлімгер, куратор болып еңбек еттім. Ал келесі, яғни 2015 жылы мені осы лагерьге жауапты жұмысқа қабылдады. Университетті бітіргеннен кейін, 2016 жылы тамыз айында № 132 орта мектепке тәлімгер болып жұмысқа тұрдым. Осында өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. 2018 жылы «Ucmas» халықаралық ментальді арифметика орталығында оқып, балаларды осы бағдарлама бойынша дайындауға кірістім.2018 жылы 15 қазанда үлкен іске тәуекел етіп, «Ақсұңқар» балаларды оқыту орталығын аштым. Бұл – менің арманым орындалған күн болды! Мұнда «Мектепке дайындық», «Ұзартылған күн тобы», «Көбейту кестесі» (ментальді арифметика), шахмат және қолөнер үйірмелері мен ағылшын және орыс тілі курстары ашылды. Оқушыларымызға білім беріп, еңбекке, спортқа баулып қана қоймай, әр айда түрлі жарыстар, қызықты шаралар ұйымдастырамыз.

Ер балалар арасында – футбол ойынынан турнирлар, қыз балаларға қолөнерден шеберлік сағаттары өткізіледі. Ұлттық спортты насихаттау мақсатымен, жыл сайын асық атудан да жарыстар ұйымдастырып келеміз. Қазіргі таңда «Ақсұңқар» балаларды оқыту орталығында 6 мұғалім жұмыс істеп жүр. Орталықтан тәлім алатын оқушылардың саны – 70. Әр мерекеде, демалыстарда оқушыларымыздың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруға алдын ала жоспарлар жасаймыз. Балаларды оқытумен қатар, өзім де жанжақты ізденіп, жаңа нәрсені үйренуге, жаңа белестерді бағындыруға талмай тырысып келемін. 2019 жылдың қаңтар айында «Жылдам оқу» курсын оқып-үйреніп, «Ақсұңқар» оқыту орталығы жанынан да «Жылдам оқу» курсын аштым. Осы 2019 жылдың сәуір айында Қарағанды қаласындағы белгілі шебер Ұлжан ханымнан шаш үлгісін жасаудың бастапқы курсын оқып, сертификатын алдым. Ал мамыр айында бет әрлеушілер курсын оқып, оның да сертификатын алдым. Әрине, қай істе де кәсіби мамандардың дәрісі еш артықтық етпейді. Сонымен қатар, әрине, басты құндылық – білім екенін ұмытпау керек. Білімімді одан әрі тереңдете түсу үшін, 2019 жылы шілде айында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының магистратурасына құжат
тапсырып, тамыз айында грантқа ие болдым. Мен 2016 жылы тұрмысқа шыққанмын. Қазір ұлым бар. Сәбилі болуыма байланысты демалыста отырып, мен, қалаған
жағдайда, үйде де кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табуға болатынын түсіндім. Менің өмірге, ізденістерге деген құштарлығым, белсенділігім назардан тыс қалмаған екен. 2020 жылы мені Жаңаарқа ауданының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі болуға шақырды. Ал биыл осы ауданның Аналар кеңесіне мүше болып қабылдандым. Үйрене жүріп, басқаларды да үйрету – менің сүйікті ісім. Қайырымдылық акциясы ретінде жас аналар мен қыздарға шаш өру үлгілерінен шеберлік сағаттарын өткіздім, басқа да қайырымдылық шараларға қатысып жүрмін. Бос уақытта сүйікті ісім – әшекей бұйымдарын жасаумен айналысамын. Биылғы мамырда көптен ойлап жүрген тағы бір мақсатыма қол жеткіздім: «Сәт» сауда үйінен әшекей бұйымдарын сататын бутик аштым. Мұндағы бұйымдар – өз қолымнан шыққан дүниелер. Өз бұйымдарыма табиғи тастарды қолданамын. Оларды әлеуметтік желідегі парақшам арқылы да сатуға шығарамын. Меніңше, қай істе де ең бастысы –
ынта мен ықылас. Ынталы болып, талап етсе, кез-келген мақсатқа қол жеткізуге болады!»


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *