«ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАП КЕЛЕМІН»

Құрметті достар! Бұгінгі  «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітабының кейіпкері — Павлодар облысы, Аққулы ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, ауыл әйелдері Форумының делегаты АЛМА ҚАСЫМОВА. Алма Жантемірқызы кітапта өз тарихын осылай деп жазған: «Мен, 1972 жылы Лебяжі ауданының (қазіргі Аққулы ауданы) орталығында дүниеге келдім. Екі жоғары білім иегерімін: 1993 жылы Павлодар педагогикалық институтын «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы және 1997 жылы Қазақстан мемстатком есеп кадрларын қайта даярлау салааралық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды 1993 жылы Лебяжі ауданындағы Бесқарағай орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастадым. Кейін аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері, Лебяжі ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау, ұйымдастыру—кадр жұмыстары бөлімдерінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқардым. 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Аққулы ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары

лауазымындамын. Өзіме жүктелген негізгі функционалдық міндеттерді жауапкершілікпен орындай жүріп, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып келемін. «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Жалпы жұмыс өтілім 27 жыл болса, оның ішінде 23 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Осы жылдар ішінде, ауданның қайнаған тірлігі ортасындағы күнделікті жұмыстарды айтпағанда, аудан орталығында өнер мектебі мен музей, Шарбақты, Қазы ауылдарында – балабақшалар, Мерғалым, Шарбақты ауылдарында – ауылдық клуб, Бесқарағай, Шақа, Баймолдин, Малыбай, Майқарағай ауылдарында – футбол алаңдары, Шарбақты ауылында дәрігерлік амбулаторияның ашылуы сынды үлкен істердің басы-қасында болдым. 2015 жылы ауданымыздың 75 жылдығына орай жарық көрген «Аққулы мекен өрендері» кітабын құрастыруға қатыстым. Ауданның әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға қосқан үлесім үшін, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер ісі жөніндегі Агенттігінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің 10 жылдығы» төсбелгісімен марапатталдым. Ал 2010 жылдың қорытындысы бойынша «Лебяжі ауданының ең үздік мемлекеттік қызметшісі» атағына ие болдым. Асқар тауым – әкем мен отбасым еңбек жолында осы жетістіктерге жетуіме тілекші болып, қолдау көрсетті. Бала кезімнен әкемнің өзінің еңбекқорлығымен, ақыл-парасатымен, адал қызметімен жерлестеріміздің арасында зор абырой-беделге ие екенін көріп өсіп, оны үлгі тұттым, бүгінде әке жолын жалғап келемін. Отбасында қызым бар. Бос уақытымды отбасыммен өткізгенді ұнатамын. Күнделікті өмірде мен – адам үнемі өзін-өзі дамытып отыруы керек деген ұстаным жолындағы жандардың бірімін. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Ақын-жазушылардың шығармаларын, әдеби және саясат тақырыбындағы кітаптарды, газет-журналдарды қызыға оқимын. Қазақ қыз баланы тілекші санап, құрметтейді. Расында, әйел-аналар қашан да, ең алдымен ұрпақ қамы үшін, елінің, жерінің көркеюін, халқының тынышта бақытты өмір сүруін тілеп, шырылдап жүреді. Биыл еліміздің егемендігіне 30 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы.Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда», – деп атап өтті. Қарапайым азаматтардың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы жолында тер төгу – әр мемлекеттік қызметшінің абыройлы міндеті. Ал Аққулы ауданы мен үшін – Жер бетіндегі ең қымбат, ең ыстық мекен. Туған өңірдің дархан даласын, әр түп шөбін, жайқалған гүлдерін, топырағын – бәрін де өз болмысымның, жанымның бір бөлшегіндей сезінемін. Алдағы уақытта да туған жердің гүлдене түсуіне өз үлесімді қоса берсем деймін.»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *