«ӨЗ ІСІМІЗДІ САҚТАП ҚАЛДЫҚ»

ГҮЛНАРА ТОҚПАЕВА — Павлодар облысы Баянауыл ауданының табысты кәсіпкері, «ТАБЫС» ЖШС басшысы, Майқайын кенті, ауыл әйелдері Форумының делегаты,  «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітапқа Гүлнара Шайзадқызының жеттістікке жеткен тарихы қосылған: «Мен, 1959 жылы дүниеге келдім. Еңбек жолымды 1979 жылы Баянауыл ауданы, Майқайың кентіндегі «Майқайыңалтын Продснаб» кәсіпорнында тауартанушы қызметінен бастап, бірте-бірте өсіп, кейін осы ұжымның бастығы болдым. Атынан байқалып тұрғандай, кәсіпорын комбинат жұмысшылары мен кент тұрғындарын азық-түлік және өнер- кәсіп тауарларымен қамтамасыз етті. 1992-1996 жылдары «Майқайыңалтын» комбинаты дағдарысқа ұшырап, тоқтап қалды. Бұл жағдай, әрине, «Майкайыңалтын Продснаб» кәсіпорнына да қиын тиді. Цехтарда жұмыс тоқтап, ұзақ жылдар еңбек еткен үздік мамандар басқа жақтарға кетіп жатты.

Сол кезде мен өз жеке кәсіпорнымды құрып, кем дегенде, кейбір цехтарды сақтап қалып, жұмысты жандандырсам деген ойға келдім. Нәтижесінде, бұрынғы кәсіпорын қазір толықтай жұмыс жасап тұр. Атап айтсақ, наубайхана, кондитерлік цех, жартылай фабрикаттар цехы, бөлшек сауда желісі және тамақтану жүйесі (дүкен, дәмхана мен мейрамхана) жұмысын жалғастырып, жұмыс орындары сақталды. Кейін туристік бизнес үшін жаңа нысандар да ашылды: демалыс үйі, жаңа дәмхана, т. б. Осы жылдардағы еңбегім үшін, Павлодар облысы әкімінің, Баянауыл ауданы әкімінің, облыстық және аудандық мәслихаттардың мақтау грамоталарымен марапатталдым. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан да Алғыс хат алдым, осы жылы біздің кәсіпорын еліміздегі «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» атанды. 2009-2013 жылдары Баянауыл аудандық мәслихатының депутаты болып, өңір экономикасында, әлеуметтік салада көптеген мәселелердің тиімді шешілуіне атсалыстым. Майқайың кентінде мен 42 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келемін: осы жылдар ішінде жаңа кәсіпорындар ашып, халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсындық. Бүгінгі таңда мен басқаратын «Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 100-ден астам адам еңбек етеді. Біздің кәсіпорынның жетістіктерін, ең алдымен, қызметкерлеріміздің еңбексүйгіштігімен және олардың кәсіби шеберлігімен байланыстырамын. Расында, мен өте еңбекқор, білімді және өз ісін сүйетін жандардың қорша- уында келемін. Бізде еңбек кітапшасында тек бір ғана ұжымда еңбек еткені туралы жазба тұрған қызметкерлер өте көп: бұл – «Табыс» ЖШС. Мен өз ісімді, өз мамандығымды, өз ұжымымды мақтан тұтамын. Табысты болудың жолы – өзің сүйетін іспен айналысу екеніне өз өмірің, өз тәжірибең арқылы көз жеткізсең, бұл – үлкен бақыт. Адам өмірінің мән-мақсаты – кейінгі ұрпағының жарқын болашағын қамтамасыз ету. Осы жолда ең алдымен еліміздің іргесін, тәуелсіздігімізді, мемлекеттілігімізді нығайту керек. Бәріміздің осы жолда еңбек етіп жатқанымызды жуырда Қазақстан халқына жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Мемлекет басшысы: «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз», – деді. Расында, өтпелі кезең қиындықтарын өз күшімізбен жеңдік. Кеңес Одағы тараған кезде жабылған, біржола келмеске кеткен кәсіпорынды, сол кәсіпорын арқылы өз ісімізді, күнкөрісімізді сақтап қалдық. Бірақ әсте де бүгінгі жетістіктермен тоқтамақ емеспіз. Менің алда іске асырсам деген жоспарларым көп. Солардың бірі – Баянауыл ауылында «Ардагер» шипажайын салу. Сол арқылы біз өз зейнеткерлеріміздің Баянауылдан шықпай-ақ жақсылап емделіп, демалуына мүмкіндік берер едік. Менің өмірімдегі ең үлкен байлығым – отбасым, яғни жұбайым, балаларым мен немерелерім. Жұбайым Ермұрат Жұмабекұлымен қол ұстасып, міне, 25 жылдан бері ісімізді бірге жүргізіп келеміз. «Бірлік бар жерде, береке жүреді» дегендей, отбасында да, ұжымда да осы ауызбіршілігімізді сақтай білсек, алда бізді бұдан да үлкен жетістіктер күтетініне кәміл сенемін. Ең бастысы, еліміз аман, аспанымыз ашық болғай!»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *