«ЖЕҢІСТІ КҮНДЕР ӘЛІ АЛДА!»

МАҚПАЛ АХМЕТОВА — «ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ТАУАРЛАР ӨНДІРІСІ. КЕСТЕЛЕУДІ (қазақ ою-өрнектері мен жазуларын) ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, ТӨСЕК-ОРЫН ТЫСЫ МЕН КИІМ-КЕШЕК ӨНДІРУ» НОМИНАЦИЯСЫ БОЙЫНША ГРАНТ ИЕГЕРІ. Мақпал «Coca-Cola Белестері» конкурстын жеңімпазы, «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана«атты кітаптың кейіпкері. Бүгін біз Мақпалдын жетістікке жеткен тарихымен танысамыз: «Елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың басым бағытының бірі — кәсіпкерлікті дамыту. Ол туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «…Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады…»,- деп айтқан еді. Табиғатыма жақын кәсіпті ашуыма шындығында да Елбасының сөзі негіз болды десем артық емес. Қазіргі таңда мемлекетіміздің тарапынан көрсетіліп отырған қарқынды қолдаудың арқасында көптеген кәсіпкерлер өз ісін өрге домалатып, адал нанын жеп, қоғамымызға пайдасын тигізіп жатқанын көріп келеміз. Мен де ел мен жерді дамытуға арналған ауқымды жоспарлардың бірі- кәсіпкерлікке бет бұрып, оның нәсібін көріп отырған қарапайым жандардың бірімін. Ой елегінен өткізіп қарасам, менің кәсіп ашуға деген құлшынысым бала кездегі арман мен қызығушылығымнан бастау алған екен.

Жыл сайын жазғы демалыста ата-анам мені ата-әжемнің үйіне оларға қолғабыс көрсетуге жіберетін. Сол кезде әжем мені жанына отырғызып жүн түтуді, жіп иіруді, одан шұлық пен қолғап тоқуды үйрететін. Әжем маған үнемі «осының бәрін бар ынтаңмен беріліп істесең, ісің оңға басады, балам», дейтін еді. Алғашқы құрақ көрпені де әжеммен бірігіп тіккенмін. Сол көрпешені әжемнің көзіндей әлі күнге сақтап келе жатырмын. Әжемнің қолы тиген көрпешеге қараған сайын кәсібіме деген сүйіспеншілік одан сайын арта түседі. Балалық арманым үлкен міндеттерді атқаруымды талап етті, мен алған бетімне қайтпай, алға адымдадым. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы ұйымдастырған бизнес-мектеп бағдарламасы бойынша қосымша тағылымдамадан өттім. Бизнес-мектеп қабырғасында жүріп еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты көптеген ақпараттар алып, радиодағы бағдарламалардың бірінен «Coca-cola Белестері» әлеуметтік жобасы туралы ақпаратқа құлағдар болдым. Бұл жобаға қатысып, бағымды сынап көруге бел будым. Себебі аталған жоба ауылдағы әйелдердің өз кәсібін ашуы мен жүргізуіне бағытталған екен. Жобаның негіздемесі маған өте ұнады. Көп ойланбастан бизнес-жоспар дайындап, құжаттарымды тапсырдым. Ақыры жобам қолдау тауып, кестелеп тігетін машина сатып алдым. Осынау қуанышты сәттер мен мүмкіндіктерге әрбір еңбек адамы лайықты, мен мұндай мерейлі шақтың басымнан өтіп жатқанына ерекше қуандым. Қолымнан қандай іс келсе, соны дамыту керек екеніне көзім анық жетті. Әр жасаған жұмысымнан ләззат алып, ерекше құлшыныспен келесі ерекше туындыны өмірге әкелу шынайы іскер адамның келбеті екенін ұқтым. Сол жолда аянбай еңбек ете білсең ғана табысқа кенеліп, жетістікке жететінімді де түйсіндім. «Coca-cola Белестері» әлеуметтік жобасы аясында беріліп жатқан мүмкіндіктерді ауылдық жерлердегі әйелдер пайдасына қарай шешіп, өз істерін жүргізсе, өздерінің жасырын жатқан қасиеттерін ашса, болашақтарын жарқын етсе, деген тілек бар көкейде. Ауыл мен қала арасындағы ақпараттық байланыс үзілмей, еліміздің көркеюіне әрқайсымыз тамшыдай болсын үлесімізді қоссақ, одан артық бақыт бар ма?! Жаңа заманның үрдісіне сай тігін саласы да дамып келеді. Оңтүстік жақта тігін, тоқыма өндірісі жолға қойылып жатыр. Кілем тоқу, мақта- мата өнімдерін түр-түрімен шығару нарықта сұранысқа ие. Ал кестелеп тігу тіптен сәнге айналды. Ал, кейбір компаниялар өз логотиптерін матаға оюлап жазуды құп көреді. Сұранысқа ұсыныс дегендей, осы кестелеп, өрнектеп тігу ісін толық меңгеріп, қоғамға пайдасын тигізу менің арман-мақсатым. Тігін машинасының бағдарламасына қазақы кесте мен ою өрнектердің эскиздерін енгізіп, басқа мемлекеттердегі өзім сияқты кәсіп бастаушылармен тәжірибе алмассам деймін. Бұған дейін атқарып келген істерім өз кәсібімді жүргізу жолындағы баспалдақтар ғана екен. Негізінде, мақсат айқын болса армандар орындалады демекші, жемісті жетістіктер Алланың қалауымен және тілекші адамдардың қолдауымен жүзеге асып келе жатыр. Жеңісті күндер әлі алда деп сенемін!»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *