Отбасы құндылықтарын дәріптеуші

#Әлеумет #Отбасынсақтауорталығы #Ақтөбеоблысы #aqtobegazetikz

2019 жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» ғимаратында «Отбасын сақтау орталығы» жұмыс істеп келеді. Бұл орталық ашылғаннан бері психологтар мен медиаторлар, заңгерлер көптеген отбасылармен жеке жұмыс жасап, оларды ажырасудан сақтап қалған. Еркін Шукурова осы орталықта 2019 жылдың мамыр айынан бастап заңгер, медиатор болып қызмет жасайды. Ол бүгінге дейін ажырасу үшін сотқа арыз берген жүздеген ерлі-зайыптымен кездесу өткізіп, оларға психологиялық көмек көрсеткен, медиация жұмысын жүргізген.

— Қазіргі таңда елімізде отбасы құндылықтарын сақтау, отбасындағы ата-ананың рөлін арттыру, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, үлгілі отбасыларды өзгелерге насихаттап, үлгі ету мақсатында көптеген маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Біздің орталық қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескере отырып, әйелдің отбасындағы рөлін күшейтуге, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталған.

9 бағытта жұмыс жасап отырған орталық әлеуметтік жобаларды да жүзеге асырып келеді. Мәселен, медиация арқылы біздің көмегімізге жүгінген отбасылардың 50 пайызын ажырасудан сақтап қалдық. Бұл отбасыларда бірнеше бала тәрбиеленіп отыр. Егер ата-ана ажырасса, бұл, алдымен, балаларға психологиялық жағынан үлкен соққы болады. Сондықтан алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, — дейді ол.

Еркін Жандоллақызы — медиатор, заңгер ғана емес, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, «Ақтөбе облысы әйелдерінің аграрлық одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы ауылда өмір сүру сапасын арттыру мәселелерімен айналысатын бұл бірлестіктің құрамында қазір он әйел бар. Олар ауыл әйелдеріне жеке шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оның жұмысын ілгерілету, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жергілікті өзін-өзі басқару құралдары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту, т.б. бағыттарда кеңестер беріп, бизнес-жоспар жазып, түрлі байқауларға қатысуға көмектеседі.

— 2018 жылы облыста алғаш рет ауыл әйелдеріне арналған форум өтті. Сол форумда көптеген мәселелер, оның ішінде әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы айтылды. Қазіргі кезде қоғамда ажырасудың көбеюі, туа біткен патологиялардың көбеюі сынды мәселелер өзекті болып отыр. Осы проблемаларды зерттей келе, сондай-ақ өмірлік тәжірибем мен заң ғылымы саласындағы жинаған білімімді пайдалана отырып, мен ауыл әйелдеріне көмек қолын созуды жөн көрдім. 2020 жылдан бастап біздің облыстың әйелдері «Coca-Cola белестері» жобасына қатысып, гранттар алып, жеке кәсібін ашып жатыр. Мысалы, осы жобааясында Мәртөк ауданының бір тұрғыны төрт мың доллар грант алып, сол қаржыға 20 бас сауын ешкі сатып алды. Бүгінде сүт өнімдерін шығарып, жасап, кәсібін дөңгелентіп отыр. Сонымен қатар осы жоба аясында ауыл, елді мекендердегі көптеген әйелдер, соның ішінде көпбалалы аналар, жағдайы нашар, жалғызбасты аналар онлайн арқылы тегін курстан өтіп, өзін-өзі жұмыспен қамтуда. Мен осы жоба аясында ауыл әйелдерінің ауылда жеке кәсіп ашып, бизнес-жоба әзірлеп, грант алуға үшін байқауға қатысуына көмектесемін, түрлі тренингтер өткізіп, оларға жол сілтеймін, — дейді Е.Шукурова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста жеке кәсіп ашып, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, грантқа ие болған әйелдер көп. Мұндай жігерлі, іскер әйелдер өзгелерге үлгі болады, мотивация береді.

Бүгінде отбасында асыл жар, аяулы ана, сүйікті әже болып отырған Еркін Жандоллақызы осылайша облыс әйелдеріне бағыт-бағдар беріп, қоғамда әйел-аналардың рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын сақтауда ерекше үлес қосып жүр.

Д.АЙДАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *