«АСҚАҚ АРМАНЫМ КӨП»

АЙДАНА ОҚАП, «ТАМАҚ ӨНДІРІСІ САЛАСЫ (кондитерлік цехы). ТӘТТІ БӘЛІШТЕР ПІСІРУ ЖӘНЕ КОНДИТЕРЛІК ӨНІМДЕР ӨНДІРІСІ» номинациясы бойынша грант иегері, «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітабының кейіпкері. Қарағанды облысының тұрғыны Оқап Айдананың осы кітапта жазылған, жетістікке жеткен тарихымен танысайық: «Мен, 1993 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезді кентінде көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Мектептен кейін Қарағанды қаласындағы политехникалық оқу орнында «Мұнай» мамандығы бойынша білім алдым. Оқуымды аяқтағаннан кейін туған жеріме келіп, қызмет ете бастадым. Жас маманды жатырқамай жақсы қарсы алып, білгенін үйреткен әріптестеріме әркез ризашылығымды білдеремін. Мектеп кезінен бастап қолөнерге, тігін тігу, тоқу, және кондитерлік өнімдерді пісіруге қызығушылығым ерекше болды. Тұрмыс құрып, дүниеге балаларым келген кезде, үйде декретте отырғанда өзімді дамыту мақсатымен түрлі онлайн курстарға жазылдым. Мен игермеген, мен оқымаған курс қалмады, десем артық емес.

Дегенмен де соның ішінде өзіме ең жақыны кондитерлік өнімдерді пісіру еді. Дәрістерді тыңдай жүріп, тәжірибе жүзінде сыннан өтіп, кәсіптің қыр- сырын терең біле бастадым. 2017 жылдан бастап, үйде отырсам да ақырындап арнайы тапсырыстар қабылдай бастадым. Ең алғаш менің өнімдерімнің дәмін татушы-дүниеден өткен ағам Думан еді… Негізі сол ағама түрлі тәттілерді пісіріп беремін, деген оймен осы істі бастап едім. Қазіргі таңда ағамның руһына әртүрлі рецептерді де арнадым. Ол мені үнемі қанаттандырып, жігерлендіріп отыратын еді. Қандай ас пісірсем де, бәліш, торт дайындасам да әркез ризашылығын білдіріп отыратын. Ол менің көңіліме қараған да болуы керек, кейбір дайындаған өнімдерімнің кемшін тұстарын кейін біліп, келесіде міндетті түрде ескеретінмін. Бірде үйде отырсам бір танысым «тапсырыс аласың ба?» деп өтініш айтты. Бұл тұңғыш келген тапсырысым кішкентай қыз баланың туған күніне арналып пісірген торт еді. Тапсырыс беруші мен туған күнге жиналған қонақтарға мен пісірген торт ұнап, олар өз араларында маған жарнама жасай бастады. Жарнаманың екпіні соншалықты қатты болса керек, кейде, үйдегі тірлікті қоя тұрып, жұрттың өтінішін орындайтынмын. Осылайша мен түрлі тәттілерге тапсырыс қабылдай бастадым: торт, бәліш, макаронстар және т.б. мен сондай құлшыныспен пісіре бастадым. Сүйікті ісіңе арнаған уақыттың қалай тез өтіп кеткенін кейде байқамайды екенсің. 2020 жылы Ұлытау ауданы әкімдігі республикалық Coca-Cola белестері әлеуметтік жобасы туралы ақпарат таратты. Coca-Cola белестері жобасының дәрістерін онлайн оқыдым, курс соңында арнайы сертификат алдым. Оқу аяқталған тұста Coca-Cola белестері жобасының конкурсы басталды. Осынау үлкен мүмкіндікті бос жіберіп алмайын деген оймен, өз бизнес жобамды ұсындым. Кейін маған ұйымдастырушылар хабарласып, менің жартылай финалға өткенімді айтты. Карантин талаптарына байланысты өз жобаларымызды онлайн қорғап, мен 20 жеңімпаздың қатарынан табылдым. Сөйтіп мен «Тамақ өндірісі саласы (кондитерлік цех). Тәтті бәліштер пісіру және кондитерлік өнімдер өндірісі» номинациясы бойынша грант иегері атандым. Алған грантыма өзімнің ойымда жүрген, ұзақ жылдар бойы армандаған электр пешін, тоңазытқыш және басқа керек құралдарды сатып алдым. Coca-Cola белестері конкурсының көмегімен мен өз кәсібімді әрі қарай дамыту мүмкіндігін алдым. Қосымша курстарға жазылдым, қазіргі уақытта мен тек қана тәтті кондитерлік өнімдерді пісіріп қоймай, қосымша түрік тәттісі пахлава мен итальяндық пицца пісірумен айналысамын.
Өнімдерді тек Жезді кентінің тұрғындарына ғана емес, Ұлытау мен Сатпаев қалаларына да арнайы тапсырыспен жеткіземін. Қазіргі таңда кентімізде жаңадан ашылған кафеде келушілер мен тұрғындар менің пісірген пиццама тапсырыс беріп, сол жерден де дәмін көре алады. Менің кеудемде кәсібім мен біліктілігімді дамытуға арналған мақсат пен арман көп. Coca-Cola белестері жобасының ұйымдастырушыларына барша әйел затының атынан алғысымды білдіремін! Сіздер тегін оқу арқылы бізге көптеген мүмкіндік беріп жатырсыздар. Еңбектеріңіз жана берсін, елімізде кәсіпкерлер көбейіп, өркендей берейік!»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *