«Ізгі амал жасағаныңды сезінудің өзі – бір бақыт»

Құрметті оқырмандар, сайт қонақтары! Бүгін Ақтөбе облысы жетісттіке жеткен ауыл әйелдері,  «Асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстандағы 100 ауыл әйелдері / 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітабының кейіпкерлерімен танысамыз. Ақтөбе қаласындағы танымал кәсіпкер КҮЛПАРШЫН АЙДАРХАНОВА, Қазақстан ауыл әйелдері V Форумының делегаты. Бес жылдан астам уақыт бойы «Атамекен» ҚР ҰКП Ақтөбе облысының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы. Облыстың белгілі бизнес-вумені «Ақбөбек» ірі компаниясының құрылтайшысы болып табылады. Кульпаршин Алпысбаевна жоғары кәсіби, іскерлік қасиеттерге ие, көшбасшылық әлеуеті жоғары. «Бұл жарық дүниеге шыр етіп келген әр адамның өзінің пешенесіне жазылғаны болады, өз несібесі болады, соны теріп жеу үшін әр пендеге тағдыры ылғи мүмкіндік береді. Міне, сол мүмкіндікті уақытында көріп, уыстан шығармай ұстап, өз қажетіңе жарата білу керек. Менің ата-анам өз замандастары сияқты «біліктілігіне сай жұмысы, еңбегіне қарай ақысы», дегендей тәртіппен өмір сүрген жандар. Сондықтан бізді адал еңбекпен тапқан нан тәтті болады деп, еңбекшілдікке, ізгілікке баулыды. Табыс дегеннің тек материалдық байлық қана емес, ол адамның жан дүниесі, өмір салты, ойлау жүйесі екенін түсіндірді. Сондықтан мен алдымен білім алуға талпындым. Өзім армандаған медициналық институтты бітіріп, мамандығыма сай жұмыс істеп жүріп, ғылым кандидаты атағын қорғадым. Әдетте көп балалы отбасында өскен адам бауырмал болып келеді. Оның үстіне адам жанының арашашысы ретінде денсаулығында кінәраты бар балаларды көргенде жай қарап жібере салмайтынмын. Барынша көмектесуге тырысатынмын. Өстіп жүріп балаларды сауықтырып-оңалту ісімен айналысып кеттім. Биыл бұл қызметіме 26 жыл толыпты. Әсіресе ауылдық жерлерде бала дәрігері бола бермейтінін білгендіктен ауылдан келген балаларға диагностика жасап, анықталған аурулары бойынша көбіне тегін емдеп, кейде ота жасаттырып жіберемін. Соның бәрін есептесең, қанша қаржы?! Алғашқы сауықтыру орталығына қоса оған қажетті қосымша дәріхана, емхана жұмысын жолға қойдым. Өз мамандығын сүйген ең бастысы адамдарға жақсылық жасасам деп ұмтылып, тынбай еңбек еткен, ізденген адам қайткенде табысқа жетеді. Бастысы адамдарға болсын деп тұратын таза ниет, мақсатыма жетем, деген зор талпыныс, рухани ізденіс нәтижесіз қалмайды екен. Одан қалды өзіңе сенген адамдарды, ұжымыңды ұмытпау, оларға жайлы жағдай туғызу. Олардың да біліктілігін арттыруға мән беріп отыру арқылы өз ісіңді өркендетесің. Бұл менің медицина және білім беру ісі саласында жинақтаған тәжірибем. Қайда жүрсем, ешкімнің еңбегін жемей, қайта ол адамның жағдайын түсінуге тырысып, көмектесемін. Оны ұжым да сезеді және иық тіресе адал еңбек етеді. Балаларды сауықтырамын деп жүріп, бала құқығын қорғауға, оған салалас білім беру ісіне қалай ойысып кеткенімді өзім байқамадым. Осылайша бала бақша, мектеп ашуды қолға алдым. Қазір қарасам, 1 мектепті салуға 2 млрд теңге ақша жұмсағанмын. Бұл қаржыға 4-5 ресторан, кафе салып, тойдан оңай ақша тауып отыруға болады екен. Бірақ, мен оны балалардың заманауи жақсы жабдықталған жайлы мектепте алаңсыз оқып, сапалы білім алуына жағдай жасауға жұмсадым. Өзім соған қатты қуанамын! Қайырымдылық жасау – сауапты іс. «Қайырымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық», «Қайырымдылықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым табысың еселенеді» деген екен. Атам қазақ істеген жақсылығын, берген дүниесін бұлдап айтуды ұнатпаған. Оны елге жария етудің керегі шамалы. «Берген нәрсеңді, істеген жақсылығыңды бетіне басып айтпа. «Мен мынаны істедім» деп жағдайы жоқ адамның алдында қайқайып тұрғаның күнә болады» дейтін ата-анамыз. Қайырымдылықтың қандайы болса да жақсы. Қайырымдылық жасағанда «оң қолыңмен бергенді сол қолың білмеу керек, сол қолыңмен берсең оң қолың білмеу керек» деп айтады. Табысқа кенелдім деп дандайсып, адами қасиеттен аттап кеткендердің артынан опық жейтінін өмірден көріп жүрміз. Табысты болудың жауапкершілігі, артар жүгі ауыр. Оны көтере білу, табысты өмірдегі сәттіліктерге малданып, масайрап кетпеу мен сәтсіздіктерге сынып, мойып қалмау бәрі-бәрі мінезден. Ойлап қарасақ, сәттілік деген не? Күнделікті қайталанатын пайдалы ойлар мен ізденістер және іс әрекеттердің жиынтығы, дұрыс шешім қабылдау. Ал сәтсіздік ше? Бұл да күнделікті қайталанатын қарапайым қателіктердің қордалануы. Демек, өз қателігіңді дер кезінде көріп, оны түзете білу де табысқа жетелейді. Менің өмірімде қасымдағы қосағымның орны бөлек. Өмірлік жарымның қолдауы, түсінуі мен үшін те маңызды болды. Менің жарым — менің сенімді серіктесім. Аға-апаларым – тілекшім. Екі ұлым — біздің ізбасарларымыз. Адами болмыс пен адами ізгі қасиетті сақтап, ізгілікке ұмтылып, қолыңнан келгенше қасыңдағыларға көмектесіп, сөйтіп осы ізгі амал жасағаныңды сезінудің өзі — бір бақыт.»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *